Шымкентцемент зауытының басшылығы мен кәсіпорын маңайындағы ауыл тұрғындары бір келісімге келді. Қуанышты жаңалық Наурыз мейрамына ұласып, ауыл халқы мерекелік дастархан басына жиналды.
Киелітас ауылында наурыз мейрамы тойланды. Ауыл ақсақалдары ауызбіршілік пен ынтымақтастыққа толы бейбіт өмірден артық ештеңе жоқ екенін айтады. Естеріңізде болса бұған дейін жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары карьер жұмысына байланысты зауыт өкілдерімен келіспей қалған еді. Енді екі жақ бір-бірін түсініп, бітімге келді.
Төре Орынбасарұлы, Төлеби ауданының биі:
«Жастарымыз Шымкентцементзауытының өкілдерімен келісе отырып, мынадай мәселелерді қозғады: түнгі жарықтандыру; спорт комплексін салып береміз деді завод. Қазір документация жасалып жатыр»
Ақбастау ауылы мешітінің имамы да ауылдастарының пікірін қолдап, зауыт өкілдеріне ақ батасын берді.
Әбдімомын Тоқтағұлов, Ақбастау мешітінің бас имамы:
«Өткен жылы мынау заводқа біздің суымыз, құдықтарымыз тартылып жатыр деп мұңымызды, шағымымызды айтқанбыз. Зауыттың директорына рақмет, біздің арыз-шағымымызды тыңдап, құлақ асып, бізге көңіл бөліп, көшелерімізге свет тартуға, 5 ауылға құдық қазып, таза суменен қамтамасыз етуге, және мына дерден стадион салып беруге толығымен қаржысын бөліп, сметасын жасап бізге көрсетті».
Бұл алаңда сәуірдің алғашқы онкүндігінде жерді тегістеу жұмыстары басталады. Ал күзге жақын жаңа спорт кешенінің құрылысы басталмақ.
Олжас Назаров, Шымкентцемент зауытының бас маркшейдері:
«Біз осы ауыл тұрғындары үшін мына аумақта жаңа спорт кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба бойынша тендер өткіздік. Қазір мердігер анықталды. Мұнда спорт кешені және футбол алаңы, сондай-ақ жаттығу орындары болады».
Ақбастау ауылы табиғаты әсем аймақта орналасқан. Наурыз мейрамын тойлау үшін тұрғындар басты алаңға қуана жиналды.
Шымкентцемент зауытының бас директоры Збигнев Шишка айтулы мерекеге құрметті қонақ ретінде шақырылғанына қуанғанын жасырмады.
Шишка Збигнев, Шымкентцемент зауытының бас директоры:
«Бүгін Наурыз мейрамын екі жақ бірге атап өтіп жатырмыз. Бұл мен үшін өте маңызды. Тұрғындардың бізді мейрамды бірге атап өтуге шақырғаны қатты қуантты.Өткен жылы біз бір келісіміге келе алмай ұзақ жүрдік. Қазір тұрғындар біздің мақсатымызды, ал біз олардың қалауын түсіндік деп ойлаймын».
Айта кетейік, кәсіпорын мен ауыл тұрғындары 2021 жылдың күз мезгілінде 5 жылдық меморандумға қол қойып, келісімге келген. Ал ол үшін кәсіпорын тұрғындардың мәселесін шешудің өзіндік жол картасы әзірледі:
— Ақбастау, Киелітас, Алғабас елді мекендерінің көше мен жолдарын жарықтандыру;
— Ақбастау, Киелітас, Алғабас, Абай және Ұйымшыл елді мекендерінің ауыз су ұңғымалары мен қорын игеру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;
— Ұңғымаларды бұрғылау және Киелітас, Алғабас, Абай, Ұйымшіл ауылдарына су кіргізу үшін жабдықтар орнату;
— Алғабас, Киелтас және Ақбастау кенттерінде жабық спорт кешенін салу.
Жарықтандыру жұмыстары 85% — ға аяқталған.
Ауылдағы наурыз мейрамы күні бойы жалғасты. Тұрғындар пандемия уақытында мұндай мерекелерді сағынып қалғаны көрініп-ақ тұр. Ал мәселелері шешімін тапқан ауыл халқының қуанышы еселене түскендей.
Гүлдана Дәурен