Шымкентте емхананың бұрынғы бас дәрігері пара алғаны үшін сотталды

83

Шымкентте емхананың бұрынғы бас дәрігері пара алғаны үшін сотталды

Қаладағы №11 мемлекеттік емхананың бұрынғы бас дәрігері Данияр Айтбаев бірнеше рет пара алғаны және парақорлыққа делдал болғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Осы емхананың кадр жөніндегі инспекторы болған Шайғаным Қиясоваға 8 млн теңге айыппұл салынды.
Енді екеуі де өмір бойына мұндай қызметке тағайындала алмайды.

Белгілі болғандай, бұрынғы бас дәрігер мен инспектор бірігіп, емхананың бос жұмыс орындарын «сатқан».
Яғни 2021 жылғы маусым-қыркүйек аралығында адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 300 мың, 100 мың теңге ақша алған. Оларды жемқорлыққа қарсы қызмет құрықтады.

Айыпталушыларға үкімді Шымкент қаласының Абай аудандық соты шығарды.
Үкім әлі заңды күшіне енбеді.

Мөлдір Ибадуллаева