Шымкентте жазғы мектеп қалай ұйымдастырылады?

340

Елімізде жазғы мектеп биыл да ұйымдастырылады. Оқушылардың білім сапасының төмендеп кеткенін ескерген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай шешім шығарды.

Жазғы мектепке 1-8 және 10 сынып оқушылары қатысады. 9 бен 11 сынып түлектері мемлекеттік емтихан тапсырады. Ал Шымкенттегі білім ұйымдарында жазғы мектепті іске қосу қалай жоспарланып отыр?

Биыл жазғы мектеп 26 мамыр мен 17 маусым аралығында жұмыс істейді. Қазірдің өзінде білім саласының қызметкерлері дайындыққа кіріскен. Шымкенттік оқушылар да бұл уақытты асыға күтуде.

Мәселен, мегаполистегі №45 мектептің оқушысы Аяжан Шырын былтыр да жазғы мектепте оқыған. Шәкірттің айтуынша, бұл оқу бағдарламасын пысықтауға берілген үлкен мүмкіндік.

Аяжан Шырын, оқушы: «8-10 сыныптар ендігі жылы мектепке барады. 9-10 сыныптар бітіреді. Олар материалды қайталау керек. Өйткені, емтихан бар. Ал жазғы мектеп өте көмектеседі. Маған математика, орыс тілі, ағылшын тілі көмектесті».

Шәкірттер жазғы мектепте тек білім алып қана қоймай, бос уақытын мәдени-сауықтыру шаралармен өткізеді. Әрі түрлі спорттық жарыстарға қатысып, дене шынықтырады.

Жалпы соңғы қоңыраудан кейінгі сабаққа қатысу оқушы мен ата-ананың еркіне беріледі. Қазіргі таңда жазғы мектепке қатысты ата-аналармен жұмыс жүргізілуде.

Гүлнар Дәрібаева, Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:
«Жазғы мектепте сабақтар негізгі пәндер бойынша жүргізіледі. Сабақтың формасында өзгерістер болады. Оқу бағдарламасы икемделіп жасалған. Үй тапсырмасы берілмейді. Баға қойылмайды».

Жазғы мектеп жұмысын ұйымдастыру кезінде мұғалімдер ағымдағы оқу жылына бекітілген жүктеме аясында 17 маусымға дейін жұмыс істейді. Содан кейін 56 күндік демалысқа кетеді. Ал әзірге олар сабақты қызықты өткізудің әдістерін қарастыруда.

Жанар Анарбаева, №45 мектеп директорының орынбасары:
«Егер мұғалімдер қосымша экскурсияға шығып, музейге барып сабақ өтемін десе барлық мүмкіндік қарастырылған. қазір осы бойынша жоспар дайындалып жатыр. Бастауыш сыныптар, қаламыздағы Ыбырай Алтынсарин атындағы кітапханаларға барады. Былтыр өлкетану музейіне алып барған».

Айта кетейік, өткен жылы қаладағы 184 білім ордасындағы 121 мыңнан астам оқушы жазғы мектепте оқыған. Онда бастауыш сыныптар және 6, 7, 8 бен 9, 10 сынып оқушылары білім алыпты.

                                                                                  Мөлдір Ибадуллаева