Түркістанда интернет-алаяқтыққа қатысы бар екі жас жігітті ұсталды. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы мен Сайрам АПБ қызметкерлері бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бірнеше алаяқтық қылмысын жасады деген күдікпен екі жас жігітті ұстады. Олар Келес ауданының тұрғындары болып шықты. Яғни алаяқ екеу «Instagram» әлеуметтік желісінде «ақшаңызды еселеп көбейтіп беремін» деген қызмет ұсынып, бірнеше жалған парақшалар ашқан. Осылайша, алаяқтардың сеніміне кіріп, сенгіш халықтан ақша алады»,-делінген хабарламада.
Интернет-алаяқтардың айласына алданып, құрығына түскен жәбірленушілердің бірі Сайрам ауданының тұрғыны екен. Аталмыш ер адам полицияға өткен жылдың желтоқсан айында арызданып, «Instagram» желісінде белгісіз біреулер, кірісіңізді көбейтіп береміз деп көмек ұсынғанын көрсеткен.
«Алаяқтарға сенген Манкент ауылының тұрғыны оңай жолмен табыс табуға үміттеніп, бірнеше рет аталған шотқа ақша аударған. Алайда соңында дымсыз қалған. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 170 мың теңгеден асты.
Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу күдіктілердің осындай 4 алаяқтық жайтына қатысы бар екенін анықтады. Бүгінгі таңда барлық деректер мен жас жігіттердің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда»-делінген хабарламада.
Өз кезегінде, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына қырағы болуға және күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға «оңай ақша» табу немесе өзге де материалдық пайда алу үмітімен сенбеуге кеңес береді. Егер де, сіз, алаяқтықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, дереу полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.