Ауыл тұрғындары құрт араласқан су ішіп отыр

236

Түркістан облысындағы Қожамберді елді мекенінде мыңнан астам адам құрт түскен лас су ішуге мәжбүр. Жергілікті тұрғындар жер асты суына сорғы орнатқан, алайда оған сүзгі жоқ. Сондықтан ауыл тұрғындарына денсаулыққа зиян су келеді. Адамдар ауылда ересектер де, балалар да ауырып жатқанын, тіпті сәбилерде ішек инфекциясы мен сары ауру жиі кездесетінін айтады.

Түркістан облысындағы Қожамберді ауылы тұрғындарының үйлеріндегі су құйылған резервуарларда дәл осындай тіршілік иелері кездеседі. Тұрғындардың сөзінше, жылы ауа-райында ауызсуға арналған шүмектерден сумен қоса құрттар да ағатын көрінеді.

Ләззат Қоқаева, Қожамберді ауылының тұрғыны: «Менің балаларым үнемі ауырады, бірде сары ауру, бірде ішек инфекциясы. Су өте лас, онда құрттар бар, әртүрлі қоқыс бар. Енді не істейміз?».

Жергілікті тұрғындар лас судың да дұрыс берілмейтінін айтады. Тіпті соңғы бір апта ішінде ауыл халқы суды көрші елдімекендерден тасып, не болмаса арық пен бұлақ басынан ішуге мәжбүр болып отыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бірнеше жыл бұрын мердігерлерге ауыз судың сапасы үшін айыппұл салынған. Кейін олар құбырды ауыстырыпты, бірақ сүзгісін орнатпаған. Ал оны қарапайым халықтың қалтасы көтермейді.

Қуат Бигелдиев, Қожамберді ауылының тұрғыны: «Су сүзгілерін жарнамалаушылар келді, ең жақсы сүзгілер, сатып алыңдар дейді. Әрине, сатып алғымыз-ақ келді. Бірақ, бағасына қарасаң, 300 мың теңге. Оны қалай сатып аламыз?!».

Ауыл тұрғындары аудан, облыс әкімдеріне, жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне арызданған, тіпті мердігердің үстінен прокуратураға арыз да жазыпты. Бірақ, сол күйі таза суға қолдары жетпеген екен. Ал су жеткізумен айналысатын компания ешқандай мәселе жоқ дейді.

Бауыржан Сиқымбаев, «Тұраркент-су» МКК директоры: «Су бар және ол ішуге жарамды. Бактерицидті шам туралы айтар болсақ, қазір ол жұмыс істемейді және ол жұмыс істемейтіндіктен, біз суды хлорлау секілді технологияны қолданамыз. Арнайы норма бар – сол арқылы біз резервуарға хлор қосамыз».

Дегенмен тұрғындар судан хлордың емес, балшықтың иісі шығады дейді. Ал жергілікті тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мердігерлер қалпына келтіреді дейді.

Алмаз Бейсеев, Түлкібас ауданының ТКШ бөлімінің басшысы: «Қазір біз резервуарды тазалап, суды толық көлемде хлорлаймыз. Бір апта ішінде мердігерлер қателіктерді жойып, жергілікті тұрғындар таза су алады».

Байқағандарыңыздай ауыл неге таза сусыз отыр деген сауал сол күйі жауапсыз қалды. Сондай-ақ, жергілікті тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бөлімі 2023 жылға дейінгі жол картасы бағдарламасы бойынша елдімекенде ұңғыма бұрғылап, су мұнарасын салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ал оған жобалық сметалық құжаттама дайындалуда.

Гүлдана Дәурен