Н.Әбдіров: «Комиссия мүшесі дауыс берушінің кез-келген сұрағына жауап беруі қажет»»

0

Шымкентке ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы бастаған топ жұмыс сапарымен келді. Олар аймақтағы шара өтетін бірқатар учаскелерді аралап, қалалық, аудандық, аумақтық референдум комиссия мүшелерімен семинар кеңес өткізді. Жергілікті әкімдік, мәслихат депутаттары БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жиын  туралы баяндаймыз.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қаладағы №101 учаскеде болып, референдум комиссиясының саяси науқанға дайындығымен танысты. Шараның маңыздылығына тоқталған төраға өзінің бірқатар ұсынысын да жеткізді.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы: «Мына жерге төраға мен хатшы отыру керек. Сонда дауыс берудің қалай өтіп жатқанын жақсы қадағалайды».

Шымкентте өткен семинар кеңес барысында төраға референдумның мемлекетіміздің болашағы үшін маңызы жоғары екендігін айтты. Сонымен қатар, саяси шараның заң шеңберінде, әділ, еш кедергісіз өтуін қамтамасыз етуде, қалалық, аудандық аумақтық референдум комиссия мүшелерінің ролі ерекше екендігін атап өтті.

Орталық референдум комиссиясының мәліметі бойынша 5-ші маусымда еліміздегі өңірлерде 10 013 учаскелік референдум комиссиясында 70 мың қызметкер жұмыс істейді. Ал Шымкентте 312 учаскеде референдум комиссиясының 2705 мүшесі бюллетеньдер қабылдайтын болады. Жалпы Республикалық референдумда 630 133 шымкенттік дауыс беруге мүмкіндік алады.

Орталық референдум комиссиясы шымкенттіктерді белсенділік танытып, 5-ші маусымда өтетін республикалық шараға ауызбіршілікпен атсалысуға шақырды. Айта кететін жәйт, биылғы референдумда жоғары технологиялардың мүмкіндіктері кеңінен қолданылмақ.

Шынар Оразова