Еңбекші ауданының халқы қала басшысымен кездесіп, аймақтағы қордаланған проблемаларды ортаға салды. Есепті жиынға қатысқандар шаһардың даму жоспарымен танысып, осыған дейін атқарылған жұмыстардан хабардар болды. Миллионнан астам халқы бар мегаполисте бас жоспарға сәйкес, енді жеке сектор емес көпқабатты үйлер салу көзделуде.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов 311 мыңнан астам халқы бар Еңбекші ауданында 3-ші секторда 15,16, Сайрам, Теріскей, Күншығыс, Мирас, Ұлағат шағынаудандарының тұрғындарымен кездесуін өткізді. Әр салаға жеке тоқталып атқарылған жұмыстарды баяндаған әкім халықтың тұрмысының жылдан жылға жақсарып келе жатқанын атап өтті. Олай деуге негіз бар. Себебі қала бюджеті 480 млрд-тан асады. Қаржының 70 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалады деп жоспарлануда. Қала басшысының есебін тыңдаған тұрғындар, әкімге көкейде жүрген сауалдарын да жолдады.
Өркен Әбдреев, Еңбекші ауданының тұрғыны: «»Фосфор» сарайының тағдыры алаңдатады, төңірегіндегі қураған жасыл желек демалыс аймағы не болмақ? №24 мектепке барар жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Соны бақылауыңызға алыңыз».
Әкім бұл нысанға қатысты сот болып жатқанын жеткізіп, мемлекет меншігіне өтсе, реттеуге дайынбыз дейді.
Есепті жиынға қатысқан әлеует көтерген мәселелерінен байқағанымыз, Еңбекшіде ауыз су, электр жарығы, көшені жарықтандыру, жол мәселелері шешімін тапқан. Алайда қоғамдық көлікте жолаушыларды тасымалдау мәселесінде әлі кемшіліктер шаш етектен дейді зейнеткерлер.
Ынтызар Алтанова, тұрғын: «Аялдамада тұрасың автобустардың кестесі жоқ. Діттеген жеріңе қай автобуспен баратыныңды білмейсің. Кондукторлар отырып, 70 теңгені алып болған соң, ол жерге бармайды деп түсіріп тастайды. Осыған не дейсіз?».
Соңғы жылдары тұрмысын жақсартуға әрекет еткен тұрғындардың белсенділігі қуантады. Мысалы, бұрындары коммуналдық қызмет мамандары көпқабатты үй тұрғындарын баспаналарының шатырын, жер төлесін жөндеуге көндіре алмай, әлекке түссе, қазір керісінше, тұрғындар жаңғырту бағдарламасына қатысуға өтініш білдіріп әкімдіктердің табалдырығын тоздырып жүр.
Шаһар басшысының Еңбекші ауданындағы есебіне өзге аймақтардан арнайы келіп мәселесін айтқандар да болды. Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған Азиза Челканованың мәселесімен басқармадағылар айналысатын болды. Әкім тапсырма берді.
Аймақта, жер телімі, қызыл сызық, жұмысқа орналасу, балабақшадағы жан басына қаржыландыру сияқты шешімін таппаған мәселелер де бар. Бұл әкімдікке қарасты басқарма мамандарының халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде осалдық танытқанын байқатады. Мұны есепті жиында әкімнің өзі де атап өтті: «Қордаланған мәселелер жетеді. Кемшілік бар, әлі де атқарылатын жұмыс көп. Уақыт керек Барлығын кезеңімен жасаймыз».
Тұрғындар «Еститін мемлекет» жобасы аясында, билік халықтың мәселесіне құлақ асып, туындаған проблемаларды шешуге тырысса» дейді.
Шынар Оразова