Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында меншік нысанына қарамастан 1 752 медициналық ұйым, оның ішінде 123 стоматологиялық клиникалар мен кабинеттер бар. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі 2022 жылдың 1–ші қаңтарынан 30 сәуір аралығында өңірдегі 660 медициналық нысанды тексерді.
Нәтижесінде, кейбір ауруханаларда ыстық судың болмауы, желдеткіштің орнатылмағандығы, медициналық қалдықтарды жинауға және сақтауға қойылатын талаптардың сақталмауы сынды бірқатар кемшіліктер анықталып, 623 жеке және заңды тұлғаларға 32 487 313 теңге сомасында айыппұл салынған. Бұзушылықтарды жою бойынша 20 санитарлық ұйғарым беріліп, 7 материал сотқа өткен.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халықтың санитариялық саламаттылығын сақтау мақсатында медициналық мекемелердің басшыларына, жауапты өкілдеріне ҚР ДСМ Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен қағидаларды сақтауға және нормативтік құқықтық актілер бойынша жұмыс жасауға шақырады.