Шымкент: Темір жол ережесін елемейтіндер көп

89

Шымкентте жыл басынан бері 1 адам пойыз астына түсіп, қаза тапқан. Ал 3 адам жарақат алыпты. Сала жауаптыларының сөзінше, мұның барлығы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған.

Жалпы, мегаполисте темір жолдың белгіленбеген жерінен өтетіндердің қарасы қалың. Мамандар осылай деп дабыл қағуда. Неліктен төте жолды таңдап, өз өміріне қауіп төндірітіндерге тоқтам болмай отыр?

«Бұл жол қысқартудың амалы» деген жұрт темір жолды төтесінен кесіп өтуді әдетке айналдырған. Алайда бұл адам өміріне аса қауіпті. Мамандар жыл сайын ондаған адам абайсызда пойыз астына түсетінін айтып дабыл қағуда. Статистикаға көз жүгіртсек, бір мегаполистің өзінде жыл басынан бері 4 адам жазатайым жағдайға душар болған. Ал оның біреуі қаза болыпты.

Нұрлыбек Раисов, Шымкент стансасы желілік полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы: «Олар енді көбінесе түнгі уақытта орын алуда. Алкогольді ішімдіктерін ішіп алып, темір жолдың бойында жүріп, құлаққап тағып, сондай жағдлайлар арқасында сондай өлім оқиғасына алып келуде».

Рейд барысында жолды кесіп өткендерге бір жолға ескерту жасалды. Жалпы жыл басынан бері 442 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, 22 адамға айыппұл салыныпты.

Теміржолшылар 2015 жылы елдімекендер маңынан өтетін жолдарды темір сымдармен қоршаған. Бірақ жұрт оған да қарап жатқан жоқ, сондықтан мәселе шешілмей келеді дейді.

Мұқтарбай Битеміров, Шымкент магистральді желі бөлімшесінің бас инженері:
«Ереже бұзу фактілерін болдырмау үшін ҚТЖ тарапынан үлкен қомақты ақша бөлінген. Сөйтіп 48 мың 460 метр қоршаулар салынған болатын. Бүгінгі таңға мысалыға ол жерде өткелдердің жетіспеушілігінен болуы керек енді, сол жергілікті тұрғындармен бірәзі бұзылған олардың».

Шойын жол маңын қоршауға 94 млн. теңге жұмсалған. Алайда оларды сындырғаны аздай, ұрлау деректері де көп көрінеді. Соңғы төрт жылда 1 шақырымдай қоршау қолды болып, шамамен 12 млн. теңге шығын келді,- дейді теміржолшылар.

Ал қайғылы жағдайдың алдын алатын арнайы жер асты немесе жер үсті Шымкентте өткелдері көп емес. Барының өзі кеңес заманынан қалған. Бірақ оларды жаңартып, көбейту жергілікті әкімдік тарапынан атқарылуы тиіс шаруа көрінеді.

Мөлдір Ибадуллаева