«Шымкент жастар лигасы»: Шахматтан финалдық ойын өтті

87

 Үшінші мегаполисте «Шымкент жастар лигасы» жобасында спорттың шахмат түрінен финалдық ойын өтті. Жарысқа төрт ауданның үздік спортшылары қатысты. 16 мектептен жалпы саны 64 бала финалдық бәсекеде бақ сынады. 7 айға жуық уақытқа созылған жобаның ақтық бәсекесі туралы әріптесім толығырақ сабақтайды.

11 жасар Еркебұлан Ахинов шахматтан финалдық бәсекеге дейін 8 оқушымен сайысқа түскен. Шахматқа 2-сыныптан бастап қатысатын жас спортшы бұл спорт түріне мектептегі бапкерінің баулығанын айтады. Еркебұлан «финалдық ойыннан мүлде қорықпаймын, керісінше жеңістен үміттімін» дейді.

Еркебұлан Ахинов, жарысқа қатысушы: «Біз бұл жарысқа 1 жыл бұрын өте мықты дайындықты бастадық. Біздің командада мықты адамдар өте көп. Дайындықты күшейтіп, осы жарысқа келдік. Менің қарсыластарым №1 және №9 мектептің ойыншылары болды. Олар өте мықты дайындалған екен. Осы уақытқа дейін 8 тур аяқталды. Мен 8 ойынға да қатысып, 4 жеңіп, біреуін тең ойнадым».

38 мектептің арасынан суырылып шыққан №89 айти мектеп-лицейі Қаратау ауданы атынан бақ сынап отыр. Жаттықтырушы Бағлан Асанов ақтық бәсекеге 4 спортшыны дайындап әкелген екен.

Бағлан Асанов, №89 IT мектеп-лицейінің шахматтан жаттықтырушысы: «Көріп тұрғандарыңыздай әр ауданнан 4 мектеп финалға шыққан. Солардың ішінде біздің мектеп те бар. Мына жерде 16 мектеп қатысып отыр. 1:12-21 Қаратау ауданы бойынша 9 тур өтті. 1 мен төртінші орынға дейін алған командалар финалға жолдама алды».

Биыл екінші жыл қатарынан өтіп жатқан «Шымкент жастар лигасына» қатысушылар спорттың 4 түрінен бақ сынайды. Жастар додасына 151 мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысқан.Ал жарысқа 80 млн теңге жүлде қоры тағайындалған. Яғни, демеушілер тарапынан әр спорт түрінің жеңімпаздарына 20 млн теңгеден беріледі.

Шахмат спорты өте тартысты өтіп жатыр. Оған себеп – былтырдан бастап мектептердегі шахмат үйірмелеріне көбірек көңіл бөлініп жаытр. Атап айтатын болсақ, Қазақстанда алғаш рет Шымкент қаласында бастауыш сынып оқушыларына арналған аптасына бір рет міндетті шахмат сабағы өткізіліп жатыр былтырдан бастап. Биыл екінші жыл. Бұл өз кезегінде балалардың шахматты жақсы меңгеруіне, «Шымкент жастар лигасының» шахмат секциясындағы бәсекелестіктің артуына себеп болып отыр.

Жарыс нәтижесі бойынша, үздік үштік анықталды. Үшінші орынды Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы иеленсе, Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия 2 орынға жайғасты. Ал шахматтан үздік жастар лигасын Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі жеңіп алды. Ұйымдастырушылар жеңімпаз командалар 1-маусым күні Қажымұқан орталық стадионында марапатталатынын атап өтті.

Гүлдана Дәурен