Патрульдік полиция қызметкерлері өткен сенбіде қала аумағында «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. Шара аясында тәртіп сақшылары қоғамдық көліктердегі жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында автобус жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзу жайттарын алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтті. Осылайша мегаполисте бір тәулік ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерімен жасалған 138 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған.
Яғни, қауіпсіздік белдігін тақпаған 44 тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабымен хаттама толтырылған, ал 11 азаматқа көлік айдау кезінде телефон пайдаланғаны үшін айыппұл салынды. Сондай-ақ, 13 адам жол белгілері талаптарын сақтамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабы бойынша жауапқа тартылған. Өрескел бұзушылықтары үшін айыппұл тұрағына екі қоғамдық көлік орналастырылған.
Мәселен, рейдтік жұмыстар барысында полицейлер оңға бұрылар алдында бұрылу жарық көрсеткішімен тиісті сигнал бермеген автобусты байқады, яғни қозғалыстың басқа қатысушыларын өзінің маневр жасауға кірісу ниеті туралы хабардар етпеді, осылайша ЖҚЕ талабын бұзған. Осы бұзушылық үшін патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырып, оған сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Айта кетейік, мұндай іс-шаралар қаланың автомобиль жолдарында жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыруға ықпал етеді.