«Тері ауруларының жас аспектілері» тақырыбында халықаралық конференция өтті

40

Шымкентте «Дерматовенерология және дерматокосметологияның жас аспектілері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде. Мұнда қазақстанның түкпір-түкіпірінен келген медицина саласының үздік мамандары тақырып аясында баяндама оқып, пікір алмасты. Екі күнге жоспарланған конференцияда АҚШ және Латвия елдерінің профессорлары да дәріс оқиды.

Үшінші мегаполисте «Дерматовенерология және дерматокосметологияның жас аспектілері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Қазақстан дерматовенеролог және дерматокосметологтар қауымдастығының президенті Гүлнар Бәтпенова қазіргі таңдағы өте күрделі мәселенің бірі – құрғақ тері екенін айтады. Оның пайда болуына ішкі және сыртқы бірнеше фактор әсер етеді. Сөзінше, соңғы уақытта антисептикті шектен тыс пайдаланудың салдарынан құрғақ тері ауруына ұшырап жатқандар бар.

Гүлнар Бәтпенова, Қазақстан дерматовенерологтар мен дерматокосметологтар қауымдастығының президенті: «Дәрігерлердің тері ауруымен ауыратын науқастарды емдеу жолында жаңа тәсілдерді меңгеруі, заманнан қалып кетпеуі маңызды. Мұндай конференциялар осы мақсатта өткізіледі. Дәрігерлер, медициналық университет мұғалімдері және осы салада қызмет етіп жүрген мамандар пкір аламасып, баяндама оқып жатыр. Соңғы уақытта созылмалы дерматоздар айтарлықтай өсті. Бүгін біз жасына байланысты созылмалы дерматоздардың ерекшеліктерін байқаймыз. Сондықтан біздің конференция созылмалы дерматоздың жас ерекшеліктеріне арналған».

Конференция, күн санап жасарып келе жатқан тері ауруларының алдын алу, жою тақырыбына арналған. Мамандар хроникалық тері ауруларының клиникалық көрінісі жас пен жыныс талғамай өзгеріп отыратын атап өтті.

Бақыт Көшерова, Астана медициналық университетінің клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры: «Тері аурулары тақырыбы өте маңызды болып келеді. Егер де пандемияға дейін көбінесе үлкен адамдарда, ересектерде кездесетін еді. Қазіргі кезде бұл проблема оларда ғана емес, тіпті нәретелерде де кездеседі. Бұл жай ғана емес, созылмалы және де асқынумен өтетін тері аурулары».

Гүлсім Асқарова ғылыми конференцияда хроникалық дерматоздың сыртқы гармоналдық емі тақырыбында баяндама оқыды. Профессор тері ауруларын үй жағдайында мүлдем емдеуге болмайтынын, одан тек уақыт жоғалтып, ауруды асқындырып алатынын айтады.

Гүлсім Асқарова, медицина ғылымдарының докторы: «Сыртқы емнен қорықпау керек. Себебі бұл дұрыс әрі тез әсер ететін ем түрі. Бұл емнен дәрігерлер де науқастар да қорықпау керек. Өйткені оны уақытылы қолданбаса ауру асқынып кетеді».

Халықаралық жиында созылмалы дерматозды диагностикалау және емдеу, гендік-инженерлік биологиялық препараттарды қолдану, сондай-ақ терінің эстетикалық кемшіліктерін түзету тақырыбында баяндамалар оқылды. Барлық облыстан келген сала мамандары тақырып аясында пікірталас өткізді. Екі күнге жоспарланған конференция қатысушыларына АҚШ және Латвия елдерінің профессорлары да онлайн түрде дәріс оқиды.

Гүлдана Дәурен