Тұрғынның алтыны мен ақшасын алдап алып кеткен өзбекстандық екі әйел ұсталды

216

 

Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің 102 пультіне 12.05.2022 жылы күндізгі уақытта жергілікті тұрғын шағымданып, 2 әйелге алданғанын, олар гипноз арқылы көз алдында алтындарын жымқырып кеткенін айтып, жеткізді. Егде жастағы әйелдің айтуынша, оның үйіне өзге ұлтты 2 әйел келген.

Олар жәбірленушіге «үйіңде дуа бар, соны тазалап береміз» деген желеумен өздерінің тазалау әрекеттерін жасап, осы аралықта тұрғынның мойнындағы алтын алқасы, саусағындағы алтын сақинасы мен 100 000 теңгеден астам ақшасын алдау жолымен әкетіп қалған. Олар кеткен бойда есін жинаған әйел, бірден полицияға хабарласып, алаяқтарды ұстауға көмектесуін сұрайды.

Тәжірибелі полицейлер жәбірленушінің айтқан белгілері бойынша жедел іске кірісіп, барлық қажетті шараларды жасады. Олардың мініп келген көлігі туралы үлкен трасса бойындағы патрульдік полиция қызметкерлеріне хабарлады. Осылайша жолдарды патрульдеп жүрген Түркістан облысының Патрульдік полиция батальонының 6 взвод қызметкерлері аталған күдіктілер мінген «Лада Приора» көлігінің ізіне түсті. Жарты сағаттай жүріп, көлікті тауып, соңынан қуып жетіп тоқтатты. Ал көлік ішіндегі әйелдер полицейлерді көрген бетте ен далаға қарай қашады. Полицейлер бірден әрқайсысы әр жаққа қашқан әйелдерді түгелімен ұстады. Аталған күдікті екі әйелден алаяқтық жолмен алынған алтындар мен ақша айғақты зат ретінде алынды.

Патрульдік полицейлер ұсталған 5 әйелді де полицияға жеткізді. Олардың жеке-басын тексеру кезінде Өзбекстан Республикасының тұрғындары екендігі анықталды. Аталған жайт Қазығұрт АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда тұрғынды алдап кеткен 2 әйел қамауда. Полицейлер олардың Түркістан облысында орын алған басқа да алаяқтық істеріне қатыстылығын тексеруде. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері осындай алаяқтарға алдаңсаңыздар «102» телефоны арқылы шұғыл хабар беріңіздер деп ескертеді. Бұл қылмыстың «ізін суытпай ашуға» өз ықпалын тигізеді. Сондай-ақ белгісіз, таныс емес алаяқтардың айла-шарасына ерік бермей, әрқашанда сақ болуға шақырады

QAINAR KÓZТүркістан облысы ПД баспасөз қызметі