«Жарылыста қаза болған күзетшінің артында аяғы ауыр келіншегі қалды»

52

Шымкентте 21 мамыр күні болған төтенше жағдайға байланысты арнайы штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Жарақат алған науқастардың жағдайы тұрақты, тек бір адам жансақтау бөлімінде дейді мамандар. Ал қаза болған қызметкерлердің отбасына материалдық көмек көрсетіледі. Жарылыстың себебі мен келтірілген шығын көлемі тексеріліп жатыр.

21 мамыр күні Шымкент қаласындағы «Межбольничная 138 дәріхана» ЖШС ғимаратында болған жарылыс салдарынан 8 адам зардап шегіп, ауруханаға түскен. Оның біреуі – жарылыстан 5 сағаттан кейін кешкі 18:00-де қаза тапқан құрылыс компаниясының қызметкері. Ол оқиға кезінде перинаталды орталықта жөндеу жұмысымен айналысып жатқан.

Қазіргі уақытта облыстық клиникалық ауруханада зардап шеккен 4 адам ем алып жатыр. Дәрігерлер барлығының жағдайы тұрақты екенін айтады. Ал №1 қалалық клиникалық ауруханасында 3 науқас политравма, нейрохирургия және реанимация бөлімшелеріне жатқызылған. 1 адам №2 қалалық ауруханадағы хирургия бөлімшесінде жатыр.

Марат Пашимов, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Қазір перинаталдық орталықтың жұмысы тоқтатылды. ДСМ тапсырмасымен мамандар дайын, бірақ науқастар осында ем алып жатыр. Жағдайы бірқалыпты, негізі оларды жазып-шығаруға біздің күшіміз жетеді».

Ділмира Хашимбаева №1 перинаталды орталықта кіші қызметкер болып жұмыс істейді. Оқиға кезінде өз міндетін атқарып жүрген ол, жарылыстың дүрсілін естігенде ғимараттың ішіне қарай бас сауғалап қашқан. Бірақ, ішке кірген сәтте бірнеше жерінен жарақаттанған көрінеді. Дегенмен, соған қарамастан ол іштегі ана мен балаларды сыртқа алып шығуға көмектескен.

Ділмира Хашимбаева, №1 облыстық перинаталдық орталықтың қызметкері: «Басында білген жоқпыз, олай боларын. Бояп жатқан едік, бірден жарылыс болып кетті. Әрең қашып үлгердік. Сыртта болған едік. Аяғым жарақаттанып, зақым тиген. Оң жағыма кірпіштер тиген. Ауырлықтар бар, бірақ шыдауға болады. Құдайға шүкір, қатты травма жоқ. Ішке кіріп, ана мен балаларды сыртқа алып шығуға көмектестік».

Жарақаттанғандардың бесеуі облыстық перинаталды орталық қызметкерлері екен. Дәлірек айтсақ, 4 кіші буын қызметкері мен 1 медбике. Ал қалған 2 адам ғимаратты интернетпен қамтамасыз етумен айналысқан қызметкерлер. Жарылыс салдарынан екі адам жансақтау бөліміне түсіп, біреуінің жағдайы тұрақталған соң, ортопедия бөліміне ауысқан. Ал екіншісі әлі ауыр халде дейді мамандар.

Мағрипа Ембергенова, Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директоры: «Зардап шеккен ауруларды медициналық ұйымдарымен бірге аралап шықтық. Науқастармен сөйлестік, бірінің жағдайы тұрақты. Керек көмектің бәрі жасалған. Арыз-шағымдары жоқ. Ары қарай керекті медкөмек беріледі».

Сонымен қатар, арнайы құрылған топ №1 облыстық перинаталдық орталықтың бөлімшелерін уақытша көшіру мәселесін шешу үшін Ордабасы аудандық орталық ауруханасын аралау жұмысын жүргізді.

Марат Пашимов, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Кім қайда барады, қайда қабылдайды бәрі шешілді. Тағы қосымша айтайын, Түркістан облысының, Шымкент қаласының тұрғындарына ешқандай кедергі жасамаймыз. Бізге қарасты тағы 2 перинаталдық орталық бар, Түркістанда орналасқан және осы Шымкентте. Және қосымша облыстық клиникалық аурухана бар. Балаларды облыстық балалар ауруханасы қабылдайды».

Оқиға орнында қаза тапқан күзетші шамамен осыдан 3 ай бұрын отбасын құрған екен. Оның артында аяғы ауыр келіншегі қалды. 1979 жылғы азаматтың отбасына облыстық әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі. Ал, қайтыс болған құрылыс компаниясы қызметкерінің отбасына жұмыс беруші тарапынан жәрдем беріледі. Сондай-ақ, шала туылған үшемнің біреуі оқиғаға дейін шетінегені белгілі болды. Ал екінші сәби жарылыс кезінде көз жұмған. Мамандар қазір шетінеген баланың анасына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр дейді.

Бүгінгі таңда орын алған жағдайға байланысты арнайы жедел штаб құрылып, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов және Түркістан облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтің төрағалығымен комиссия жұмыс істеп жатыр. Ал №1 облыстық перинаталдық орталықтың жұмысы қашан жаңғыртылады, шығын көлемі қанша екені және басқа да мәліметтер тек арнайы тексеру жұмысы аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Гүлдана Дәурен