Балаларының түнде серуендегені үшін ата-аналар жауапқа тартылды

42

Шымкентте жазғы демалыс басталғалы түнде серуендеп жүрген 150-ден астам бала анықталды. Жаз келгелі Шымкент қалалық ювеналдық полиция басқармасының инспекторлары кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтті.

Мәселен, ағымдағы жылдың 26 ​​мамырынан бері полиция қызметкерлері мегаполисте түнде заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерлерде жүрген 155 жасөспірімді анықтады. Ал балаларының түнде серуендегені үшін ата-аналар жауапқа тартылады.
ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігіне сәйкес 151 азаматқа түнгі сағат 23.00-ден 06.00-ге дейін көшеде жалғыз жүргені үшін ескерту жасалды. Осы баптың бірінші бөлігі бойынша түнгі сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін жасөспірімдердің ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 4 ата-ана жазаланды. Кәмелетке толмағандардың осы мекемелерде болуына жол бергендерге ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша айыппұл салынды.
Айта кетейік, кәмелетке толмаған баланы түнде ұстау кезінде полиция бөлімшесіне жеткізіліп, оның жеке басы анықталып, ата-анасына хабарланады. Егер ол ойын-сауық мекемесінде ұсталса, ата-анасына 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал көшеде ұсталса, онда бірінші рет ескерту жасалады. Келесі жолы 7 АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Осыған байланысты полицейлер ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балаларға бақылауды күшейтуге шақырады.