Екі шымкенттік азамат ел аумағында онлайн-алаяқтықпен айналысып келген

0

Ел аумағында онлайн-алаяқтық жасаған екі шымкенттік азамат ұсталды. Абай ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын алаяққа алданғанын айтып арызданған. Сөзінше, ол ескі жиһазын сату үшін ғаламтор желісіне жарнама орналастырған.

Жәбірленушіге белгісіз азамат сатып алу жөнінде жазып, өзі жіберген сілтемеге өтіп, курьерлік жеткізу қызметін растауды сұрайды. Ол сатып алушының нұсқауларын орындап, сайтқа банк картасының реквизиттерін енгізген. Салдарынан оның шотынан белгісіз жағдайда 950 мың теңге шешілген көрінеді. Ал жалған сатып алушы, әйелді мессенджерде бұғаттап тастапты.

Керемет Ділманов, Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасы бастығы орынбасарының м.а.:  «Азаматшаның арызы бойынша полицейлер ҚР ҚК 190-бабымен «Алаяқтық» қылмыстық іс тіркеді. Киберқылмыскерлерді анықтау мақсатында жедел уәкілдер бірқатар іздестіру шараларын жүргізді, нәтижесінде екі жігіт анықталып, тұрғылықты жерінен ұсталды. Тінту кезінде күдіктілерден 6 ұялы телефон мен 21 симкарта тәркіленді».

Тергеушілер ұсталған күдіктілердің осы сынды тағы 17 қылмысқа қатысы бар екенін анықтаған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, олар қитұрқы ойларын тек Шымкент аумағында ғана емес, бүкіл ел бойынша жүзеге асырып келген. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.

 Гүлдана Дәурен