Үшінші мегаполиске референдумға байланысты Өзбекстан және Қырғызстан Республикасынан 12 шетелдік байқаушы келді. Олар учаскелердегі жұмыс барысын бақылады. Халықаралық бақылаушылар шымкенттіктердің дауыс беруге белсене атсалысқанын айтады.
Шымкенттегі №3 референдум учаскесінде 5 маусым күнгі саяси науқан мерекелік атмосферада өтті деуге болады. Комиссия мүшелері мен учаске төрағасы тұрғындардың белсенді қатысып, көтеріңкі көңіл күйде атсалысқанын айтады.
Әсел Әбдіқадырова, №3 референдум учаскесінің төрағасы: «Бізде жалпы 2393 сайлаушы тіркелген тізіммен. Оның ішінде дәл қазіргі уақытта 1938 сайлаушы өз дауысын берді. Және уақытша тергеу изоляторынан 20 азаматтан дауыс алынды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қажетті жағдай жасалды. Арнайы кабинка қойылды және сыртқа екі кезекші қойдық, келген жағдайда ол кісілерді сүйемелдеп кіргізеді».
Референдумға байланысты Шымкент қаласына шетелден 12 байқаушы келді. Оның екеуі Қырғызстан, ал 10-ы Өзбекстан елінен келген. Олар таңғы 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін үшінші мегаполистегі дауыс беру учаскелерінің жұмысын бақылады.
Құндызхан Тоқаева, халықаралық байқаушы: «Біз бүгін таңертеңнен бері 9 дауыс беру учаскелеріне бардық. Байқағанымыз, тұрғындар белсенді қатысуда. Жақсы өтіп жатыр деп айта аламыз. Дайындық өте жоғары деңгейде. Миссиямыз аяқаталған соң елге қайтамыз».
Бурул Болотакунова, халықаралық байқаушы: «Біз Қазақстан Респбуликасына 3-ші маусым күні келдік. 10-ға жуық учаскені араладық. Соған қарап, дайындық тиісті деңгейде жасалған деп айта аламын. Ешқандай құқықбұзушылық байқамадық. Тұрғындар жақсы қатысуда».
Айта кетейік, референдумның алдын ала қорытындысы жарияланды. Нәтижеге сүйенсек, қазақстандықтардың 77,18 пайызы, яғни 6 млн 163 893 адам Ата Заңға өзгеріс енгізуді қолдаса, 18,66 пайыз, яғни 1 490 475 адам қарсы дауыс берген. ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтың сөзінше, 7 986 293 тұрғын дауыс беруге қатысқан.
Гүлдана Дәурен