«Шымкент Барысының» іріктеу турнирі өтті

151

Шымкентте қала күніне орай қазақ күресінен «Шымкент барысы» турнирі өтуде. Айтулы жарыста жеңіске жеткен 2 палуан республикалық «Қазақстан Барысы-2022» турниріне жолдама алады. Ал бұл бәйгеде 26 шымкенттік спортшы бақ сынайды.

Қала күніне орай қазақ күресінен «Шымкент барысы» іріктеу турнирі өтуде. Білекті бәсекеге өңірімізден 26 палуан қатысуда. Солардың бірі Бағдат Құралбай бірінші белдесуінің қосымша уақытында қарсыласын алып жығып, жеңіске жетті. 108 келі салмақта өнер көрсеткен ол күрестің бұл түрімен 12 жылдан бері айналысып келеді.

Бағдат Құралбай, спортшы: «Осы жарыстың 1 – айналымын жеңдім. Бұған дейін Қазақстан барысы атанғанмын. Қазір спорт шеберімін. Бұйырса осы жарыстың жеңімпазы болып, Нұрсұлтанда өтетін «Қазақстан барысының» чемпионы болу басты мақсатым. Екінші ретінде Шымкенттік Нұрсұлтан деген баламен шығамын. Ары қарай белгісіз, күрескенге байланысты кім ұтса сонымен шығамын».

Қазіргі таңда қазақ күресінен палуандарды Шымкент қаласындағы 4 спорт мектебі дайындайды. Қаламызда аталған спорт түрімен 466 спортшы кәсіби түрде шұғылдануда. Ал 19 жасар 147 келі салмақтағы палуан Мейіржан Әбдімәлік жақында ғана Қазақстан чемпионы атанып, спорт шеберлігін қорғаған.

Мейіржан Әбдімәлік, спортшы: «Жалпы спортты дзюдодан бастағанмын. Бұл спорттан тек ҚР жүлдегері болып қалдым. Жеңімпаз атана алмадым. Қазақ күресін дамытуға, атын бүкіл әлемге шығаруға мен және біздің балалар әрекет жасап жатыр. Осы спортты қолдап жарыс өткізіп жатқан Спорт басқармасына алғысымызды білдіреміз».

«Шымкент барысы» іріктеу турнирінде палуандар 30 белдесу өткізеді. Ақтық сынға шыққан 2 спортшы шілде айында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық сайысында қала намысын қорғайтын болады.

Бауыржан Тұманбаев, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Осы жарыста өте жақсы өнер көрсеткен 2 спортшы «Қазақстан барысына» барады. Ол жарысқа қатысатын спортшыларға жеңістер тілейміз. Осы 30 шақты палуанның ішінде республиукалық дәрежедігі спортшылар да қатысуда. Оларды атап өтетін болсақ – Ыстыбаев Әлем чемпионы, Музапаров Әлем барысынан жеңімпаз. Бұдан басқа да әлем чемпиондары да осы жарысқа қатысуда».

Боз кілемде кіл мықтыны саралаған бәсекеде жеңімпаздарға «Шымкент барысы» белбеуі мен қомақты жүлде қоры тағайындалған. Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша 1 орын иегеріне «Нексиа» автокөлігі, 2 орынға 500 000, 3 орынға 300 мың теңге ақшалай сыйлық беріледі.

Әсел Мәлік