Шымкенттің түйе балуандары «Қазақстан барысына» іріктелді

623

Дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан жарыс тұңғыш рет үшінші мегаполис жүйріктерін анықтап отыр. Еншісін алған қала федерациясына биыл жаңа президент те сайланған.

Әлжан Жақсыбаев, қазақ күресінен Шымкент қаласы федерациясының президенті: «Бұл түйепалуандар жарысы болғаннан кейін 90 келіден жоғары салмақтағы балуандар болғандықтан ол жерде біздің Шымкент қаласының балуандарынің көбісі 90 мен 100-дің арасы болғандықтан кішкене ол жағынан кертартпамыз бар».

Осыған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы «Қазақстан барысында» жүлделі болған жалғыз балуанымен мақтанып келді. Ол Жұманазар Ерсұлтанов. Айта кетейік, 2016 жылдан кейін ешбір жерлесіміз президент жүлдесіне арналған жарыста белбеуге қол жеткізе алмаған.

Ғани Ахмұрат, қазақ күресінен Шымкент қаласының аға бапкері: «Біздің балуандарымыз мықты. Әлем чемпионы былтыр Ыстыбаев Әділжан чемпион болды. Ерсұлтан Мұзаппаров әлем чемпионы болды. Азия чемпионы болып жатырмыз. Ешқандай жарыстардан құр қол қайтып жатқан жоқпыз. Жаңа есімдер бар. Олардың әлі тәжірибелері жетіспейді. Келесі жылдары сол балуандар мықты боып шығады деген ойдамын».

Барлығы 15 балуанды жинаған жарыста ақтық мәреге тағы да өткен жылдың финалистері шықты. Олар Әділжан Ыстыбаев пен Ерсұлтан Мұзаппаров. Бір-бірінің әдісі мен айласын жатқа білетін мықтылардың белдесуі биыл да тартысты өтті.

Әділжан Ыстыбаев, «Шымкент барысы»: «Кездесу ауыр өтті. Барлығы тыңғылықты дайындықта келген. Барлығы әр өңірдің өзінің жақсы палуандары. Алда бір команда болып, Ерсұлтан Мұзаппаров бауырымыз бар, жаттықтырушылар бар барлығымыз бірігіп, жақсы дайындықпен барамыз деп ойлаймын».

Қазақша күрестен басталған бәсекелер қаламызда мұнымен аяқталмайды. Жанкүйерлерге алда тағы бір айтулы аламан тамашалауға мүмкіндік туып тұр. Ол елімізде тұңғыш рет жалауын көтеретін Қазақстан кубогы. Жарыс 2 мамырдан басталады.

Назерке Үкібасова