Шымкентте биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға 430 квота бөлінген. Қазірдің өзінде осы жоба негізінде 107 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Әлеуметтік осал топ иелері заң шеңберінде өз мүмкіндігін пайдаланып, құқығының бұзылмауын қалалық прокуратура қатаң түрде бақылауға алған.
Елімізде жыл сайын мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыспен қамту үшін мемлекеттік квота бөлінеді. Бұл жобаның шарапатын көрген Бахтияр Умаров 2011 жылы бас сүйегіне жасалған ауыр отадан кейін жұмысқа жарамсыз болып қалған. Денсаулығына байланысты 2 топ мүгедектігі берілген соң тек жеңіл жұмыстар жасауға ғана мүмкіндік алған. Алайда бар ғұмыры еңбектенумен өткен ол, бір орнында отыра алмай жұмыспен қамту орталығына өтініш тастаған. Нәтижесінде мемлекеттік квотамен қалалық онкологиялық орталыққа мұрағатшы ретінде тұрақты жұмысқа орналасты
Бахтияр Умаров, Шымкент қаласының тұрғыны: «2011 жылы 7 қазанда басыма операция жасады. Басыма сүйектің орнына темір қойылған. Содан соң көп ауыр көтеруге, көп жүруге де болмайды. Басқа операция жасаған соң бәрі нервке байланысты. Жұмысқа тұруға болмайды деп жазып берді дәрігерлер. 2021 жылы қоғамдық жұмысқа кірдім. 1 жыл уақыты біткеннен кейін қайта жұмыспен қамтуға барып, Білімжандарға айтқан соң осында тұрақты жұмысқа кіргізіп берді. Пенсияға дейін деп кіргізді».
Ал Абылайхан Абдикадиров мүгедектігі бар тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсететін «Тең қоғам» орталығында заңгер маманы болып қызмет етеді. Ол мұнда жеңілдік иесі ретінде оңтайландырылған уақыт режимінде жұмыс істейді. Сонымен қатар ол жұмыс орнынан алыс жерде тұратындықтан мемлекеттен бөлінген әлеуметтік тасымалдау қызметін де қолданады.
Абылайхан Абдикадиров, Шымкент қаласының тұрғыны: «Басында қоғамдық жұмыс бойынша келдім. Біліктілігімді көрсетіп, тәжірибе жинаған соң осында тұрақты жұмысқа орналастым. Мүгедектігі бар адамдарға еңбек шарты бойынша басқа жандарға 8 сағат болса, бізге жеңілдетіпген түрде 7 сағат 20 минут беріледі. Мен де таңертең 9-да келіп 5: 20ға дейін ғана жұмыста боламын».
«Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның 17 бабына сәйкес халықты жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау үшін квота бөлу қарастырылған. Бос жұмыс орындарына мүмкіндігі шектеулі жандардың ешқандай құқық бұзушылық фактілерінсіз тұрақты түрде орналасуына қалалық прокуратура өз ықпалын тигізуде.
Қали Бейсенбаев, Шымкент қаласы прокуратурасы қоғамдық мүддені қорғау басқармасының аға прокуроры: «Жергілікті орындарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту бойынша квота бөлінеді. Соған орай қала прокуратурасы мен әкімдіктен наурыз айында квота бөлініп, қазірге дейін 101 адам жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда қалалық жұмыспен қамтумен бірлесе отырып осы бағытта жұмыстар атқарып отырмыз».
Жыл сайын бөлінген квоталардың тек 40-50 пайызы ғана қолданылып, жоспор толықтай орандалмай келген. Ал 2022 жылы Әкімнің қаулысымен 430 орын бекітілді. Қазірдің өзінде жеңілдік бойынша 107 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасқан.
Әсел Мәлік