Сайрам ауданында 847 млн. теңгеге салынған кәрізсуын тазалау құрылғысы іске жарамсыз болып тұр. 2018 жылы халық игілігіне берілуі керек болған заманауи нысан 4 жылдан бері қаңырап бос тұр. Ал жергілікті халық әлі күнге дейін лас су мен оның иісінен зардап шегіп отыр.
Бұл кәріз суы төгілген көл Қарабұлақ ауылының жанында орналасқан. Лас судан шыққан иіс қолқаны қабады. Өйткені тұрғындардың сөзінше мұнда жергілікті кәсіпкерлер сойылған малдың қаны мен терісін және басқа да қалдықтарын әкеліп төгіп тастайды екен. Ал арнасынан асқан көл суы егіс алқабына қарай ағып келеді. Сондықтан да ауыл тұрғындары төгілген қалдық өзіміздің және балаларымыздың денсаулығына зиянын тигізеді деп қауіптенеді.
Ұшқын Қалдаген, Қарабұлақ ауылының тұрғыны: «Қазіргі таңда Ақсудың 420 мың адамынан шыққан кәріз суы осы жерге жиналады. Мынаның бәрі у. Мына жақта картоп өсіп жатыр, мын жерде шөптер. Осы шөпті жеп, суын ішкен малдың етін барлық жаққа тасымалдайды. Оның министрлер жеп қалмай ма? Президент жеп қалмай ма? айналамыздың бәрі у болып жатыр».
Осыдан бірнеше жыл бұрын кәріз суын тазалайтын нысанға мемлекеттік бюджеттен 847 млн. теңге бөлінген. Алайда қомақты қаражат жұмсалған құрылғы 2018 жылдан бері мүлде іске қосылмаған. Оның басты себебі Қытайдан әкелінген қозғалтқыштардың сапасы сын көтермейді. 2020 жылы аталған жайтқа қатысты арыз сотқа жолданғанмен, қылмыстық құрамы анықталмағанына байланысты іс қысқарып кеткен. Енді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі қайта тексеру жұмыстарын бастамақ.
Нұрдәулет Самет, ҚР СЖҚІҚ агенттігі Түркістан облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары: «Бұл жоба қазіргі таңға дейін жұмыс жасамай келе жатыр. Оған себеп кәріз суын тазалауға арналған қозғалтқыштың ауысуынан болып тұр. Сметаға сәйкес Ресейде өндірілген қозғалтқыштардың орнына Қытайда жасалған қозғалтқыштар орнатылған. Біздің анықтағанымыздай жергілікті органдар құрылғыны ауыстыруға рұқсатын берген. Жобалық сметалық құжаттамаға сәйкес аталған қозғалтқыш суммасы 500 млннан астам. Бірақ біздің күмәніміз бар. Олардың бағасы 2 есе төмен».
Аймақтағы кәрізсуын тазалау құрылғысын іске қосып беруге уәде берген кәсіпкердің үстінен осыған дейін 6 рет арыз шағым тасталған. Десе де әлі күнге дейін ол не сенімсіз заңды тұлға тізіміне де енбеген, не құрылыс жұмыстарын да соңына жеткізбеген. 4 жылдан бері қаңырап бос тұрған нысанның қазір тек 70%-ы ғана аяқталған екен.
Мадияр Оразалиев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары: «2018-ден бастап объект бітті ғой. Маусым айында бітіруі керек болған. Бірақ созып қыста бітірді. Қабылдауымыз керек кезде кәсіпкер объектті қоса алмады. Содан соң 1 рет ЖКХ сотқа берген. Ал одан бері 6 рет арыз беріп отырмыз. Қазір су конализациядан тіке келіп, поля филтрацияға келіп түсіп жатыр. Бұның ішіне кіріп жатқан жоқ».
Айта кетейік, 2016 жылы аудандық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық бөлімі мен «Шымкент Миллерация» ЖШС арасында екі жақты келісімшарт түзіліп, 2018 жылы құрылыс жұмыстары аяқталуы керек болған. Бірақ арадан жылдар өтсе де сасық иістен құтылып, заманауи технологияның шарапатын көреміз деген халықтың үміті әлі де ақталмай тұр. Сондықтан антикорлықтар халықтың арыз-шағымы негізінде айтулы нысанның жұмыстарына қатысты тексеруді қайта қолға алатын болады.
Әсел Мәлік