Ұлттық музейде «100 жасаған «Жас Алаш» атты көрме ашылды

1

ҚР Ұлттық музейінде «Жас Алаш»  республикалық қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығына орай «100 жасаған «Жас Алаш» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараның мақсаты қаншама тарихи оқиғалардың куәсі болып, халқымызбен бірге жасап келе жатқан ең байырғы және беделді республикалық басылымның ғасырлық шежіресін көпшілікке насихаттап, мұрағатта қатталған ескірмес мұраларды, тарихи оқиғалар мен тұлғалар жайлы мәліметтерді көпшілік назарына ұсыну, газеттің негізін қалап, қоғам алдында беделінің артуына аянбай үлес қосқан қаламгерлерді еске алу, еңбектерімен таныстыру, жас ұрпақты өз кәсібін сүю мен еңбексүйгіштікке шақыру болып табылады.

Жиынды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Байтілесұлы құттықтау сөзбен ашып, ұлттың үніне айналған «Жас Алаш» газетінің тарихы мен қаламгерлер жайлы ой толғады. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, 1986—1994 жылдары «Жас Алаш» газетінде редактор қызметін атқарып, басылымының қазіргі атауын қалыптастыруға еңбек сіңірген Уәлихан Қалижан,  қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы, газеттің Бас редакторы Қайрат Мәтірековтер сөз сөйлеп, тарихи-құнды деректермен бөлісті. Сондай-ақ, «Абай»  атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау орталығының атқарушы директоры Аслан Қабылбекұлы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мұраларын жан-жақты насихаттап, ұлт тұлғасының тарихына терең мән берген «Жас Алаш» газетіне алғыс білдіріп, бас редактор Қайрат Болатұлына «Абай» мерейтойлық медалін табыс етті.

 

Салтанатты жиын аясында ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Назгүл Қадірімбетова музейге келген қонақтарға алғысын білдіріп, көрме жұмысына сәттілік тіледі.

«Ұлттық журналистиканың ұлағатты ұстаханасы, қазақ қаламгерлерінің қарашаңырағы –«Жас Алаш» газеті оқырманмен қауышқанына 100 жыл толып отыр. Алашқа асыл басылымды, ғасыр жасаған мерейлі межесімен шын жүректен құттықтаймын! «Жас Алаштың» жүріп өткен 100 жылдық жолы – төл тарихымыздың тағылымы, ұлт руханиятының шежіресі. Жас Алаштың тарихы қазақтың, халықтың, қоғамның тағдыры. «Жас Алаш» газетінің 100 жылдық тігісіндісін түгендеген әрбір азамат қазақтың мұңымен, қуанышымен, сүйінішімен сусындайды. Тұңғыш редактор Ғани Мұратбаев бастаған «Жас Алаш» редакциясында көптеген қазақтың көрнекті қаламгерлері қайраткерлік жолын бастады. Оның ішінде Ілияс Жансүгіров, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек сынды тұлғаларымыз еркін ойларын «Жас Алаш» газетінің мінберінен жеткізе білді. «Жас Алаш» газетінің ұжымына шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін. Басылымының ғұмыры мәңгілік болсын!»,-деді Назгүл Нұржанқызы.

 

Көрмеге газеттің шығу кезеңінен бастап бүгінге дейінгі маңызды деректі мәліметтері мен тарихы, суреттері, қазақ журналистерінің ұлағатты ұстаханасы, жастардың  жан серігі – «Жас Алаш» газетінде  еңбек етіп, қайраткерлік танытқан қарымды қаламгерлердің мақалалары мен кітаптары қойылды.

Тарихи маңызы зор іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері,  музей қызметкерлері мен жоғарғы оқу орындарының білім алушылары және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

 

Айта кетейік,1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында негізі қаланған «Жас Алаш» республикалық жастар газетін Түркістан АССР комсомол ұйымы жетекшілерінің бірі Ғани Мұратбаев құрып, Ілияс  Жансүгіров жауапты редактор қызметін атқарған.    Ұлт баспасөзінің дамуына қайраткерлік танытқан Шерхан Мұртаза, Мұхтар  Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Сейдахмет Бердіқұлов, Жұмабай Шаштай сияқты көптеген қарымды қаламгерлердің қолтаңбасы  өзінше тарих, өлшеусіз мұра. Сол кезден бастап «Жас Алаш» газетінде  еңбек еткен әрбір тілшінің қоғамда өз орны, нық тұғыры қалыптасты. Елдің үніне айналған басылым шаңырағынан көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар мен ақындар, әр салада озық орны бар азаматтар шыққан. Әр жылдары «Жас Қайрат», «Өртен», «Лениншіл жас» атауларымен жарық көрген басылым Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап «Жас Алаш» атын иеленді.