Жаңа Қазақстанға нық қадам: Шымкенттіктер референдумға белсене атсалысты

90

Жалпыхалықтық референдум 27 жылда алғаш рет өткізіліп отыр. Бүгін Қазақстан азаматтары тарихи таңдауын жасайды. Шымкент қаласы бойынша жалпы саны 311 рефрендум учаскесі бар, оның 18-і жабық түрде жұмыс істейді. Олардың барлығы таңғы сағат 7:00де ашылды. Қаладағы кейбір учаскелерде алғашқы дауыс берген сайлаушыларға сыйлықтар үлестірілді.

Жақып және Алтынай Айдағараевтар бүгін №231 учаскеге референдум туралы естіп, өз таңдауын жасауға келіпті. Ерлі-зайыптылар балаларымыздың болашағы үшін келдік дейді. Сөздерінше, әр азаматтың бүгінгі таңдауы ел келешегі үшін жасалған үлкен қадам.

Жақып Айдағараев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бала-шағамыз үшін маңызды күн бүгін. Еліміздің тыныштығы үшін, бірлігі үшін келе жатырмыз».

Алтынай Айдағараев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен үшін өте маңызды. Сол үшін келіп жатырмын.  «Үмітсіз шайтан» дейді. Менің зор үмітім бар. Бәрін жамандауға болмайды».

Дауыс беру учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандар сенімді тұлғаның көмегімен дауыс бере алады. Олар үшін үлкейткіш әйнек, көру қабілеті нашар адамдарға арналған трафарет, құлаққап секілді қажетті құралдары бар арнайы үстел орнатылған.

Ерлан Бейбітбай, №231 референдум учаскесінің төрағасы: «Бюллетеньге өз құқықтары бойынша 2 нұсқаның бірін таңдайды. Егер Конституцияға өзгеріс енгізілсін дейтін болса, иә дегенді белгілейді, егер келіспесе жоқ дегенді таңдайды.  Егер мүмкіндігі шектеулі жан келетін болса, трафарет арналған. Оған бюллетеньді салып, көмекшісі болса, соның көмегімен дауыс бере алады. Сонымен қатар, көзі нашар көретін жандарға арналған үлкейткіш әйнек бар».

Еркебұлан Құдайбергенов дауыс беруге отбасымен бірге келіпті. Кішкентай ұлын ерте келген жас әке «балам тарихи сәттің куәсі болғанын қаладым» дейді. Жас отбасы болашақтан үлкен үміт» күтетінін жасырмады.

Еркебұлан Құдайбергенов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бүгінгі референдумға отбасымызбен келу себебіміз еліміздің болашағына сенеміз. Жаңа Заңнамаға қосыламыз».

Түркістан сарайында орналасқан №231 учаскеде бүгін жергілікті тұрғындармен қатар қала әкімі де келіп, өз таңдауын жасады.

№231 референдум учаскесінде қазіргі таңда 11 комиссия мүшесі жұмыс істеп жатыр. Ал бұл учаскеге бекітілген тұрғындар саны – 2693. Учаске төрағасы таңнан бері ешқандай құқықбұзушылық орын алмады дейді.

Ерлан Бейбітбай, №231 референдум учаскесінің төрағасы: «Бізде қазіргі таңда №231 учаскеде мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініштері түсті. Алла қаласа 19 мүмкіндігі шектеулі жанның үйіне барамыз. Екі бақылаушы бар, біреуі «Аманат» партиясынан, екіншісі «Алтын орда» қоғамдық бірлестігінен келіп отыр».

Жалпы Шымкент қаласы бойынша 631 133 сайлаушы бар. Ал үшінші мегаполиске шетелден 12 байқаушы келген. Қалалық референдум комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев Шымкентте референдумға қатысушылардың белсенді екенін айтты.

Қайырбек Құнанбаев,  Шымкент қалалық референдум комиссиясының төрағасы: «Біздің қаламызға шетелдік 12 байқаушы келді. Оның екеуі Қырғызстан Республикасы, 10 Өзбекстан Республикасынан. Одан басқа да таңертеңгі мәлімет бойынша 900-ге жуық отандық қоғамдық бірлестік мүшелері қадағалау жүргізуде. Дауыс берушілер көп, Көптеген учаскелерде сыйлықтар үлестіріп, музыка қойып қойған, келгендерің көңілін көтеру үшін. Қазірше бізде келушілер көп, белсенділік жоғары».

Бүгін үшінші мегаполистегі қоғамдық көліктер қала тұрғындары мен қонақтарын тегін тасымалдауда. Жалпы қала аумағында 1000-ға жуық қоғамдық көлік 78 бағытта жолаушы тасымалдаумен айналысып жатыр.

100 жастағы Ұлы Отан соғысы ардагері Вера Утробина да өз таңдауын жасады. Қария жастардың болашағы үшін таңдау жасаудың өте маңызды екенін айтады.

Вера Утробина,  ҰОС ардагері: «Мен таңертең дауыс бердім. Барған жоқпын әрине, өздері үйге келді. Мен әр азамат дауыс беруі керек деп ойлаймын. Біз осы бейбіт елде өмір сүру үшін соғыстық. Жастар бейбітшілікті сақтау керек, бәріміз тату- тәтті өмір сүру үшін қатысуымыз керек!».

Шымкент қаласына іссапармен келген көрнекті театр және кино актері Асанәлі Әшімов те дауыс беруге қатысты. Тұғырлы тұлға референдум еліміз үшін үлкен той екенін айтады. Және өзгеріс керек деп сөз жүзінде айтып қана қоймай, әрбір қазақстандық тиісті таңдауын жасауы қажет дейді.

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі: «Біртіндеп жақсылықтар жалғаса береді деп ойлаймын. Халыққа арқа сүйеп, халқының жағдайын ойлаған президент сол халық үшін қызмет етеді деп білемін. Сондықтан бүгінгі мейрам, халықтың қуанышы – жақсылыққа, Конституцияға жаңа өзгерістер енгізіп, ескі бір келеңсіз жағдайларды алып тастап, тазартатын жағдай келді».

Жалпы үшінші мегаполисте өзгерістен үміттілер көп. Шымқала тұрғындары референдумнан кейін елде бір серпіліс болатынына сенгіміз келеді дейді.

Саяси науқанға байланысты Қазақстанда 10 мыңнан астам учаске жасақталған екен. Олардың жұмысы кешкі 20:00-ге дейін жалғасын табады. Ал өзге қаладан келген азаматтар өзінің дауыс беру учаскесінен есептен шығарылғаны туралы куәлік алса, кез келген учаскеге келіп тіркеліп, таңдау жасай алады.

Гүлдана Дәурен