Елде қымбатшылық жалғасуда. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 17,4%-ға қымбаттаған. Әсіресе, пияз, қант, сәбіз, картоп, қарақұмық, макарон, ұн және қырыққабаттың бағалары өскен. Бұл туралы Үкімет басшысының қатысуымен өткен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша кеңесте айтылды.
Баға тұрақсыздығы Жетісу және Жамбыл, Алматы, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында байқалады. Мәселені шешу үшіне премьер-министр «айналым схемасы» шеңберінде кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру бойынша жұмысты жандандыруды, тұрақтандыру қорларын толық қамтамасыз етуді және бөлшек сауда үстемесіне мониторинг жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне бағалық сөз байласуды бақылауды, Қаржылық мониторинг агенттігіне заңсыз қант сатушылардың жолын кесуді, оның ішінде әлеуметтік желілер мен қосымшалар арқылы сатуды болдырмауды, сондай-ақ қант жеткізу арналарын бақылауға алуды міндеттеді.
Шынар Оразова