Шымкентте посткеңестік кеңістіктегі ең үздік сумен жабдықтау нысандарының бірі орналасқан. Ол «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і. Мұндай теңеуді Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілі аталған мекемені аралап көру барысында айтқан болатын. Сырттай бақылаушы мамандар ұйымның инфрақұрылымы мен оның мүмкіншіліктерімен де танысты.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің аймақтық басшылары «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ін аралап көрді. Олар шымкенттік кәсіпорынның ұзақ мерзімді серіктесі болып табылады. Екі жақ алғаш рет 2009 жылы келісімшартқа отырды. Содан бастап, банктен алынған қарыз қаражат өндірісті дамытып, жаңа құрал-жабдықтар алуға жұмсалды.
Бұл «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар ТМД елдерінде де салалық көшбасшы атануына мүмкіндік берді.
Анарбек Орман, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің бас директоры: «Қалдық суды тазалау қондырғысына биогаз шығаратын құрылғыны орнаттық. Солайша кәріз қалдықтарынан биогаз аламыз, оның көмегімен электр энергиясын өндіреміз. Осының арқасында өз қажеттіліктеріміздің 50 пайызын қамтып отырмыз, жыл соңына дейін оны 90 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз».
Жиында Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдеріне сумен жабдықтау желілерін пайдаланудағы инновациялық құрылғылары мен кәсіпорынның гидравликалық модельдеуді жүзеге асыру барысы таныстырылды. Сондай-ақ мекеме тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін виртуалды көмекші – чат-бот құрған, ол кәсіпорына қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді. Ал өз мамандарын дайындау үшін арнайы «Smart-Maman» оқу орталығын да ашып қойған. Серіктес банктің Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жужанна Харгитай жергілікті кәсіпорынның мүмкіндігіне таң қалды.
Жужанна Харгитай, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия бойынша басқарушы директоры: «Бұл кәсіпорын Еуропа қайта құру және даму банкінің мақтанышы, біздің клиентіміз. Мен бұл компанияның жұмыстарымен толық танысып шықтым. Өте әсерлі, бірге жұмыс жасағанымызды мақтан тұтамын».
Айта кетейік «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і несиелік келісімшарт талаптарын толық көлемде және өз мерзімінде орындап келеді.
Әсел Мәлік