Үшінші мегаполисте Ковидтің ықтимал толқынына 3 сценарий дайындалған

50

Шымкентте 45 екпе нысаны бар. Ал қалада ковидтің ықтимал толқынына 3 сценарий дайындалған. Сондай-ақ, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 100 төсек-орын дайындалған. Ал мегаполистегі тұрақсыз эпидемиялогиялық жағдайға байланысты емханалар жанынан 76 мобильді бригада жасақталды. Медицина мамандары қала тұрғындарын қайта вацина салғызуға шақырады.

«Вакцина салғызып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет!». Осылай деген ақ халаттылар тұрғындарды індеттің алдын алуға шақырды. Медицина мамандарының сөзінше, қалада 45 екпе нысаны бар. Ал мегаполис бойынша 113 263 доза коронавирусты инфекцияға қарсы вакцина, нақтырақ айтқанда QazVac, VeroCell, Pfizer екпелері бар. Вакцина тәуекел тобына жататын азаматтарды ревакцинациялауға және төртінші рет екпе алуға жеткілікті.

Сәуле Дүйсенбаева, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Вакцинация бойынша қалада 45 екпе нысаны бар. Бірінші компонентпен 619490 адам, ал екінші компонентпен 601859 адам егілді. Шымкент қаласының тұрғындарына вакцинацияның үшінші дозасымен бүгінгі күнде 354719 адам ревакцинацияланды. Ал төртінші дозасымен 15032 адам қайта ревакцинацияланды».

Сондай-ақ, шілде айының аяғына дейін 27294 адам ревакцинация жасайды деп жоспарланса, оның 15844 — і екпені салдырып үлгерген. Індеттің алдын алудың басты жолы – екпе салғызу деген мамандар қайта вакциналаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Сәуле Дүйсенбаева бүгінде қалада ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий дайындалғанын атап өтті.

Сәуле Дүйсенбаева, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Бүгінгі таңда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 100 төсек-орын жасақталып тұр. Инфекциялық стационарлардың дайындығы бүгінгі күнге 803 төсек орын. Ал «б» жағдайға төсек орнымыз 1763 жағдайға көбейеді. Ал «с» эпидемиологиялық дағдарыс орын алса, 2513 төсек-орын ашылады. Қазіргі таңда 31 азамат стационарлық ем алуда».

Айта кетейік, қаладағы тұрақсыз эпидемиялогиялық жағдайға байланысты емханалар жанынан 76 мобильді бригада жасақталды. Олар шақырту бойынша науқастарға үй жағдайында медициналық көмек көрсетеді.

Қазіргі таңда 43 емханада мобильді бригада жасақталса, тағы 137-сі резервте тұр дейді медицина мамандары. Ал эпидахуал өршіген жағдайда мегаполистегі инфекциялық стационарлар қайта жасақталып, медициналық көмек көрсетуге дайын.

Гүлдана Дәурен