Үшінші мегаполисте жастардың сұранысымен Скейт парк ашылды

55

Шымкентте айтулы мерекеге орай тағы бірқатар әлеуметтік нысандар халық игілігіне табысталды. Олардың қатарында скейт парк те бар. Жастардың сұранысымен ашылған алаңды қала әкімі Мұрат Әйтенов аралап, спортшылармен тілдесті. Сондай-ақ, мегаполис басшысы Бозарық елдімекенінен ашылған жаңа спорт мектебінің мүмкіндіктерімен танысты.

Бір күндері Айдар мен оның достары Шымкентте скейт парк ашылғанын армандайтын еді. Олар арнайы жабдықталмаған орында жаттығып, роликтерді қолдан жасайтын. Енді міне, бұл арман қала күнінде орындалып отыр. Үшінші мегаполистің қақ ортасында жастардың сұранысымен скейт парк ашылды.

Айдар Алдаберген, Шымкент қаласының тұрғыны: «Скейт прак өте керемет. Бізге қатты ұнады. Бұған дейін жабдықталмаған орындарда жаттығатын едік. Енді, міне мұнда барлық жағдай жасалған».

Қала әкімі Мұрат Әйтенов экстремалды спорт түрлеріне арналған жаңа қоғамдық кеңістіктің салтанатты ашылуына қатысты. Мегаполис басшысы үнемі ерекше жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.

«Мәдениет дамып жатыр. Осындай парк ашып беріп жатқан сіздерге көп-көп алғысымызды білдіреміз. Енді біз осында тынбай жаттығатын боламыз. Бұл ресми түрде олимпиадалық спорт түріне жатады», дейді жастар.

Шымкенттегі скейт элементтері бар алғашқы алаңда жастар скейтбординг, BMX сияқты спорт түрлерімен шұғылдана алады. Одан бөлек, воркаут аймағы, көше тренажерлары, роллердром, баскетбол алаңы және әткеншектері бар тыныш аймақ та бар. «Дельфин» аквапаркінің аумағында орналасқан скейт парк заманауи талапқа сай жабдықталған.

Бозарық шағынауданында №20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі де қала күніне орай қолданысқа берілді. Елдімекен жастары енді қала орталығына қатынамай, жақын маңдағы жаңа үлгіде бой көтерген нысанда спортпен шұғылдана алады. Мұндай мүмкіндік жасаған мемлекетке спортшылар ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

Нұрғиса Әділетұлы,  Азия чемпионы: «Өте керемет. Қазақстанда мұндай залдар көп табыла бермейді. Көп-көп рақмет. Негізі мықты жігіттердің көбі ауылдан шығады ғой. Ауданда, ауылда жігіттер өте керемет. Мен өзім де ауылдан шыққанмын. Осы залда менен де асып түсетін балалар шыға берсін. Қуаныштымын, рақмет».

Спорт мектебі 3 ауысымда жұмыс істейді. Әр ауысымда 10-23 жас аралығындағы 100 спортшы жаттығуға мүмкіндік жасалған. Төменгі қабатында қажетті платформамен жабдықталған ауыр атлетикаға арналған спорт зал қарастырылған. Ал жоғары қабатта жаттығу алаңдары, теннис үстелі, өрмелеу арқаны, дзюдо татамиі, бокс рингі және ауыр атлетикамен белсенді айналысуға қажетті қосымша жабдықтар орнатылған.

Бауыржан Тұманбаев, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Бұның құрылысы былтыр басталған. «Шамаргруп» компаниясы конкурсты жеңіп алып, 673 млн. теңгеге құрылыс жұмыстарын жүргізді. Аталған кешенде балалар спорттың 7 түрімен айналысатын болады. Қаладағы ауыр атлетика резервін дайындайтын спорт мектебі осында көшіп келді. Қосымша Бозарық елдімекенінің балалары үшін бокс, дзюдо спорт түрлерін қосып жатырмыз. 1000 шақты бала спортпен айналысатын болады».

Айта кетейік, спорт кешенінде ауыр атлетикадан, бокстан, еркін күрес пен грек-римнен, дзюдодан, пауэрлифтингтен және қол күресінен арнайы топтар ашылады. Озық үлгіде бой көтерген бұл мектеп жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді дейді жауаптылар.

Мөлдір Ибадуллаева