«Жәрдемақы көбейді»: Енді әр балаға 12 720 теңге төленеді

93
фото Егемен.кз

Биыл көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақының көлемі артты. Әрбір бала үшін берілетін қаражат 12 720 теңгеге жетті. Сәйкесінше 4 бала үшін 50 976 теңге қаражат ай сайын мемлекеттен бөлініп отырады. Арнаулы жәрдемақы тағайындау тәртібі туралы толығырақ…

Шымкент қаласында 43 мыңнан аса көп балалы статусын алған отбасы бар. Соның бірі декреттік демалыста отырған Айжан Ермекқызының жанұясы. Ол 5 баланың анасы. Ол, «қазіргі нарықтағы жағдайды ескерсек бұл ақша 5 баланың тіпті тамағына да жетпейді, бірақ біз тек мемлекетке алақан жайып отырған жоқпыз» дейді.

Айжан Ермекқызы, көп балалы ана: «Осыдан 6 жыл бұрын 4 перзентім дүниеге келді. Содан кейін Абай аудандық ГЦВП-ға құжаттарымызды тапсырдық. Жәрдемақы алып тұратынмын. Енді бір жыл бұрын 5 — балам дүниеге келді. Енді 5 балаға алып жатырмыз. Жалпы жетпейді ғой. 1 жөргектің өзі 170 теңге оны 30 күнге есептеп көріңіз. Одан бөлек қосымша тамағы бар, оның үстіне бала болған соң ауырып қалады. 1 бала ғана емес 5 бала ғой. бірақ Аллаға шүкір үкіметке қол жайып қарап отырған жоқпыз».

Биыл көп балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі 4 пайызға көбейді. 2021 жылы 4 балаға берілетін жәрдемақы 49 100 теңге болса, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап 50 976 теңгеге өсті. Ал 4 баланың анасы Әлия Асқарова 2015 жылдан бері жәрдемақы көлемі әлдеқайда артқанын айтады.

Әлия Асқарова, көп балалы ана: «Мен өзім көпбалалы ана болғандықтан қазіргі таңда 50 970 теңгедей ақша түсіп тұрады. Сол сумманы алып отырмыз. Алдыңғы жылдарды есептесек. Мен 2015 жылы 4 баламды босанғанда шамамен 10 500 теңгедей болған. 2020 жылы бірден 40 мыңға көтерілді. Одан кейін 6 ай сайын қосып жатыр. 46 мың теңге болды. Енді міне 50 мың теңгеге жетті».

Осы жылы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының көлемі әр балаға 12 720 теңгені құрады. Бұл қаражат жыл сайын өсіп отырады. Себебі елімізде жәрдемақылар мен көрсетілетін әлеуметтік көмектер көлемі АЕК-ке қарай есептеледі. Арнаулы жәрдемақы ең төменге жалақы көрсеткішіне қарай есептелгенмен, көп балалы отбасыларға бұл қаражат айлық табысына қарамастан міндетті түрде мемлекеттен бөлініп отырады.

Әнуар Ілеспаев, Шымкент қаласы ЕӘҚД зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлім басшысы: «Шымкент қаласы бойынша 296 мыңнан аса азаматқа осы зейнетақы мен жәрдемақы бойынша қызмет көрсетеміз. Оның ішінде 43 мың көпбалалы отбасы есепте тұрады. Ол тағайындалған төлемнің әрқайсысының үлкен баласы 18 жасқа толғанға дейін аралықты қамтиды. Мысалы үлкен баласы 2000 жылы болса, 2018 жылға дейін аралыққа тағайындалады. Яғни 2019 жылға дейін ешқандай қосымша құжат тапсырмайды».

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы көп баланы отбасының баласы 18 жасқа толғанға дейін автоматты түрде түсіп отырады. Ал кәмелетке толған соң ЖОО-да оқып жатқаны жайында анықтама өткізсе, 23 жасқа дейін тағы да жәрдемақы уақыты ұзарады. Алайда анықтаманы Халыққа қызмет көрсету орталығына жыл сайын өткізіп тұруды ұмытпау керек.

Әсел Мәлік