Көмір құны 30 пайызға қымбаттауы мүмкін

25

Елде жыл соңына қарай көмірдің құны 30%-ға қымбаттауы мүмкін. Мұндай болжамды Энергетика министрлігінің өкілдері жасады.

Вице-министр бағаның өсуіне сыртқы шығындардың көбеюі әсер етті деп есептейді. Ол келесі айдан бастап Богатырь-көмір 5%-ға, желтоқсанда тағы 5 пайызға қымбаттауы мүмкін деді.

Статистикаға үңілсек, ел бойынша былтыр қатты отын 13 мың теңгеге сатылды. Ал биыл сәуірде бағасы 14 831 теңгеге дейін өсті. Өткен айда ғана осы қымбатшылыққа жол бермеу үшін жауапты министрлік Қазақстаннан көмірді шетелге автокөлікпен әкетуге жарты жылға тыйым салынатыны туралы айтқан. Өйткені былтыр ауа райы күрт суытып, орталық пен солтүстікте көмірге сұраныс көбейгені есте. Бұл уақытта алыпсатарлар тоннасын 13 мың теңгеге сатып алып, 30 мың теңгеге саудалады.

Енді мамандардың болжамына қарай, биыл тұтыну көлемі 9 млн 600 мың тонна болуы мүмкін. Оның 7 млн тоннасы — халыққа сатылатын көмір.

Шынар Оразова