Шымкентте жергілікті тұрғынды «мемлекеттік бағдарламамен үй алып беремін» деп алдап, 2 500 000 теңгесін заңсыз иемденіп кеткен азамат қолға түсті. Жәбірленушінің сөзінше, бейтаныс азамат мемлекеттік бағдарламамен жылдам пәтер алуға көмектесетінін айтқан. Ал ол үшін өз таныстарына қомақты қаржы беру қажет екенін түсіндірген.
Нәтижесінде, жәбірленушінің 1 800 000 теңге қаржысын қолма-қол, қалған 700 000 теңгені өз есеп шотына аудартып алған. Дегенмен, бейтаныс азамат берген уәдесінде тұрмай, ақшаны жеке бас пайдасына жаратып жіберген.
Мөлдір Бекеева, Шымкент қаласы ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы: «Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) қылмыстық іс-қозғалып, криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Нәтижесінде жергілікті жердің тұрғыны анықталып, тиісті басқармаға жеткізілді. Өз кезегінде, Шымкент қаласының полицейлері азаматтарға абай болуға және бейтаныс азаматтарға ақша бермеуге кеңес береді. Егер Сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада 102 нөміріне хабарласыңыз».