«Сана сезім» орталығында балаларға арнайы сертификат табыс етілді

61

Бүгін «Сана сезім» орталығына құжаты, азаматтығы жоқ немесе азаматтық алуға ниетті балалар мен ата-аналар шақырылды. Онда БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының қолдауымен мектепке жол акциясы өткізіліп, ата-аналарға қаржылай көмек көрсетілді. Балаларға кеңсе тауарларын сатып алу үшін сертификат тапсырылды.

Бұл 35 жастағы әйел бес баланың анасы. Өзінің шын аты мен бет-бейнесін көрсетпеуді өтінген Айгүл бірнеше жыл бұрын Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келді. Сондықтан да тұңғыш сәбиін дүниеге алып келгенде құжаттарын жасата алмапты. Кейінгі 4 баласының да туу туралы куәлігі жоқ. Оны қойғанда әйелдің өзі де осы күнге дейін құжатсыз өмір сүріп келген.

Айгул,(аты өзгертілді): «Мен босанған соң оралман статуысын алууым керек деді, қазіргі кандас. Оны жасатуға бірде уақытым болмады, енді бірде ақшам жоқ болмады. Медициналық көмек те ала алмай қалдық. Мектепке баратын кезде құжаттар сұрады, балаларымның ЖСН-ы жоқ. Ал қазір барлығы электронды, күнделіктері де электронды. Сондықтан қазір барлық баламды құжаттандырдым, енді міне мектепке бара алады».

Ал қазір Айгүл азаматтық алуға құжат тапсырып жатыр. Себебі БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының қолдауымен «Сана Сезім» әйелдер бастамалары орталығы құжаты жоқ балалар мен олардың ата-аналарына көмек көрсету туралы шешім қабылдады.

Шара барысында сонымен қатар әр баланың ата-анасына мектепке керек кеңсе тауарларын сатып алуға 15 мың теңгелік сертификат табысталды.

Шахноза Хасанова, «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының директоры: «Ата-аналары жұмыс тауып, балаларын қамтамасыз ете алмайынша кәмелетке толмаған балалар өз құқықтарын жүзеге асыра алмайды. Оған қоса медициналық көмек, білім алу мүмкіндігінен айырылады. Ал азаматтығы жоқ балалар білім ала алмаса, болашақта олар жоғары оқу орындарына да түсе алмайды. Тіпті мектепті үздік оқып, бірақ аттестатқа қол жеткізе алмай, кейін ЖОО-на түсу үшін ҰБТ тапсыра алмаған жағдайлар болды».

Мамандардың айтуынша, қазақстандық кейбір тұрғындар әлі күнге дейін Кеңестік қызыл төлқұжатпен жүрсе, енді бірі құжат рәсімдеу үшін қайда жүгінерін білмейді. Ал кейбірі тіпті құжатсыз-ақ жайлы өмір сүре беруге болады деп санайды екен. Бірақ құжатсыз жүруге де болмайды, сондықтан да әрбір азамат құжатын жасатуға асыққан жөн, себебі құжат алу процессі кейде бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін.

Әсел Мәлік