Шымкентте инфрақұрылыммен қамту жұмысы қарқын алған

43

Үшінші мегаполисте аймақтарды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Биыл тұрғындардың 99 пайызы электр қуатымен қамтылса, жыл соңына дейін 9 елдімекенге көгілдір отын берілетін болады. Ал өңірдегі сапалы ауыз су көрсеткіші 98 пайызға жетеді жоспарланып отыр.

«Жыл басынан бері 1700 шақырымға жуық жерді қаздық». Осылай деген Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков бұл цифрға қарап «жақсы жұмыс істедік» деп айтуға болады дейді. Өйткені, қазір мегаполисте инфрақұрылым жүргізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Боранбай Болатбеков, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Біздің басқарманың жұмысы өздеріңіз білесіздер, жер қазу. Газ өткізсек жер қазамыз, газ-су өткізсек жер қазамыз. Тіпті жарық жүргізсек те жер қазамыз. Биылғы жылы жер қазу ұзындығы 1689 шақырымға жетіпті. Шымкентпен Нұр-Сұлтан арасы 1600 шақырым. Сонда қандай жұмыс атқарылып жатыр? Өздеріңіз қараңыздар. Әрине, мына жауын кезінде халық біткенше, лай боп кетті, саз болып кетті деп жатады. Енді жер қазғасын оны орнына келуі үшін біраз жұмыс атқарып жатырмыз. Үстін таспен жауып деген сияқты».

Қала бойынша қазір 15 елдімекенді газға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 9-на көгілдір отын биыл келеді. Ал қалғаны келесі жылға өтпелі. Сонымен қатар, халықты сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші биыл 98 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр. Ал 99 пайыз шымкенттік биыл сапалы электр қуатымен қамтылады.

«Электр қуатымен жағдай жаман емес. 81 елдімекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылып отыр. Қазіргі таңда 8 елдімекенде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тек қана мына біздегі батыс пен Қайнарбұлақтың құрылыс соттың шешімімен уақытша тоқтатылып тұр. Қалған елдімекендерде биыл барлығын сапалы электр қуатына қосамыз»,-дейді Боранбай Болатбеков.

Ал кәріз жүйесімен әзірге 54 пайыз халық қамтылған. Биыл көрсеткішті 60-қа жеткізу үшін 20 нысанда құрылыс жүріп жатыр. Жауаптылардың сөзінше, 2025 жылға дейін 75 пайыз болады деп көзделіп отыр.