Шымкенттік бөлім басшылары тергеу изоляторын аралады

51

Шымкентте бірнеше басқарма қызметкері тергеу изоляторын аралады. Мақсаты үшінші мегаполисте мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық пен заң бұзудың соңы неге алып келетінін көрсету. Сондықтан да мұндай тергеу орындарын аралау дәстүрге айналған. Десе де жемқорлық фактілері әлі де тыйылар емес.

Екі сағат бойы темір тордың аурасын сезіну қызметкерлер үшін экстрималды экскурсия болды. Мұндағы қатал тәртіпті көрсетуге қалалық бірнеше мемлекеттік мекеме бөлім басшылары шақырылған.

Ерекше экскурсияға қатысушыларды түрменің жертөлесіне де түсірді. Ондағы қамау бөлмелерінде өздерімен қатарлас қызмет еткен мемлекеттік қызметкерлер де бар. Қонақтарды тіпті камераға да кіргізді, бірақ көбісі онда кіріп көруге тәуекел етпеді.

Келушілерге жазасын өтеушінің демалып таза ауа жұтатын ашық алаңы көрсетілді. Десе де мемлекеттік қызметкерлер бұл көріністің көңіл көншітпегенін айтады. Сол себепті олар тезірек сыртқа шығуға тырысты. Бірақ әлі алда аралайтын жер көп.

Бұл түрменің тағы бір бөлігі. Мұнда тұтқындар жазасын жұмыс жасап өтейді. Артықшылығы камералар ашық және қосымша ақша табуға мүмкіндік алады. Ал кейбір қонақтар турды аяқтауын сұрады, себебі жазасын өтеушілер үшін еркіндік алаңы шенеуніктің жүрегін қысқан.

Айша Тұрсынбаева: «Әрине қиын. Мұнда барлық жер жабық. Осындай жерде тұрсаң қандай болады, жүрегіме әсер етті,  кез келген жүрегі бар адам сезінеді».

Тур аяқтала сала адамдар бұл жерден тезірек кетуге асықты. Ал Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мұндай экскурсиялар тұрақты түрде өткізілетінін айтады. Себебі сыбайлас жемқорлыққа барудың соңы неге әкеліп соғатынын бәрі де білуі керек.

Жазира Әлжанова, ҚР СЖҚІҚА Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы: «Біз мұнда тек мемлекеттік қызметкерлерді ғана емес, басқарма, бөлім басшыларын да алып келеміз,  көрсетеміз. Бүгін мәдениет саласында жұмыс істейтін барлық қызметкерлер мен транспорт басқармасының мамандары келді. Біздің басты мақсатымыз мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу».

Осындай науқандарға қарамастан шенеуніктер арасында жемқорлық фактілері әлі де кездеседі. Алайда осыған дейін турға қатысқандар арасында заң бұзып түрмеге түскен жан бар ма, жоқ па бізге беймәлім.

Әсел Мәлік