«Тегін грантты сатып алмаңыз!»: Құжат жинауға ақша сұрайтындар көбейген

22

«Бастау бизнес» грантын алып беремін». Қазір Шымкентте осылай деп халықтың сеніміне кіріп, ақшасын жымқырып кететіндер көбейген. Тіпті, олардың басым бөлігі өзін жұмыспен қамту орталығының қызметкерімін деп таныстыратын көрінеді. Алайда, халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы мұндай азаматтарға сенбеу қажет екенін айтады. Себебі, мемлекеттік қолдау әр азаматқа ақысыз әрі қолжетімді.

Балмаржан Нарбекова, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Қайтарымсыз грант алып, оқуға құжат тапсырып береміз деп қаламыздың тұрғындарын құжат рәсімдеуге қаражат жинау фактілері бойынша біздің басқармамызға арыз түсті. Бірнеше күн бұрын антикорда жеке қабылдау өткіздім. Осы жеке қабылдауыма біренше азамат келіп, осындай фактілерді айтты. Кейін басқармаға келіп, арыз жазды. Біз ол арыздың барлығын құқық қорғау органдарына жолдадық».

«Мемлекеттің тегін қолдауын ақшаға сатып алмаңыздар» деген Балмаржан Нарбекова мұндай азаматтарға кездескен жағдайда адалдық алаңының 1424 немесе басқарманың 27-74-31 нөмірне хабарласып, шағым білдіруіне болады. Ең дұрысы, мемлекеттік қызметкермін деген күдіктінің құжатын сұрау керек дейді. Өйткені, басқарма мамандарында қызметтік куәлігі болуы керек.

Мөлдір Ибадуллаева