Маңғыстау және Атырау облыстарында мал азығын әзірлеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Мұндағы шөп ору науқанын Үкімет отырысында сынға алған Премьер-министр күзгі жиын-терін жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Өйткені, былтырғыдай тапшылыққа жол бермеу маңызды.
Үкімет отырысында жан-жақты талқыланған екінші маңызды мәселе – егін жинау науқанына дайындық және жем-шөппен қамтамасыз ету. Мал азығы – жан азығы. Сондықтан төрт түлік жем-шөптен тарықпау керек. Ауыл шаруашылығы министрі биыл солай болады деп сендіріп отыр. Өйткені былтырғыдай қуаңшылық жоқ. Жауын-шашын жеткілікті, шөп мол. Шаруалар қазірдің өзінде 21 млн тоннаны шауып, жинап үлгерген.
Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі: «Бұл жоспардың 87,3%-ы, жоспар 24,1 млн тонна болатын еді. Тұтастай алғанда барлық өңірде мал азығын жинау жұмыстарын орындау барысының оң серпіні байқалып жатыр».
Ербол Қарашөкеев оң серпін байқалады дегенмен, Премьер-министрдің Маңғыстау және Атырау облыстарындағы шөп ору жұмысына көңілі толмайды. Сондықтан кестеден қалған өңірлер бұл істі шапшаңдату керек. Әрі қазір қызу жүріп жатқан егін жинау науқанына да асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Ел бойынша биыл 23,4 млн га аумаққа егін егілген. Одан 18 млн тонна астық алу көзделген. Оның 13 млн-ы бидай. Қазір егін алқабының 13 пайызы жиналды.Ендігі міндет қар астында қалдырмай дер кезінде бастыру. Ол үшін барлық жағдай жасалған.
Үкімет басшысы қыс мезгіліне жем-шөп қорын уақытылы жасақтау шараларын қабылдау әрі олардың бағасының тұрақты болуын қамтамасыз етуді тапсырды.