Шымкент, Түркістан және Тараз қалаларында 14 бойжеткенді, оның ішінде кәмелетке толмаған қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Притонды апалы-сіңлілі үш әйел ұйымдастырған ұйымдасқан қылмыстық топ басқарған. Олар қыздарды әлеуметтік желілер арқылы тауып, кейін қорқыту арқылы есірткі қолдануға және тән саудасымен айналысуға мәжбүр еткен.
Атын өзгертіп, бет-әлпетін жасыруды сұраған Эльмира жарты жыл бойы жыныстық құлдықта болған. Алдымен бойжеткенді Дубайға шығаруға тырысқан. Кейін танысқан жігіті Эльмираның қашып кетуіне көмектескен. Алайда, ол жігіт бойжеткенді есірткіге отырғызған көрінеді. Ал қажетті есірткі дозасын табу үшін ер адам қызды тән саудасын жасауға мәжбүр еткен. Содан кейін Эльмираны Шымкентке алып келіп, тән саудасымен айналысатын притонға сатып жіберген. Бойжеткеннің сөзінше, оны тіпті ата-анасына жіберген, бірақ есірткіге тәуелділік оны ескі әдетке қайта оралуға мәжбүр етіпті.
Эльмира (есімі өзгертілді): «Мені есірткі дозасы үшін ер адамдармен бірге болуға мәжбүрледі, мен сонда өмір сүрдім, бірақ кейде үйге барып-келетінмін. Бір күні мен ата-анамның үйді сатқанын білдім және сол ақшаны өз қажетім үшін алдым, бірақ алғанымды мүлдем мойындаған жоқпын. Дегенмен, ақыры шындық ашылды. Және менің есірткіге тәуелді екенімді, мені пайдаланғандарын мойындауға тура келді. Әрине, алғашында мұны мойындау өте қиын болды, қатты ұялдым, бірақ басқа амалым жоқ екенін түсіндім».
Шымкентте 14 бойжеткен жыныстық құлдықтан құтқарылды. Ал оның алтауы кәмелетке толмаған болып шықты. Қыздарды жалдамалы пәтерлерде, қонақ үйлер мен сауналарда ұстап, тән саудасымен айналысуға мәжбүрлеген. Мұндай адам саудасымен 11 адам айналысқан. Ал притонды апалы-сіңілі үш әйел басқарған. Кішігірім қателік үшін қыздарды қорқытып, бопсалап, айыппұл салған. Тіпті, қыздарды сыйақы үшін есірткі тұтынуға және жеңіл жүріске салынуға мәжбүр еткен. Айтулы топ қыздарды әлеуметтік желілер арқылы тауып отырған. Оларға жақсы табыс пен ыңғайлы жұмыс кестесін ұсынып, келіскен жағдайда тән саудасына итермелеген.
Нұрбол Ашақұлов, ҚР ІІМ ББОП жедел уәкілі: «Олар қыздарды әлеуметтік желілер арқылы тауып, оларға жоғары жалақы және тиімді жұмыс жағдайын ұсынған. Қазіргі таңда аталған қылмыстық топтың құрбаны болған 14 жәбірленуші, оның ішінде 6 тұлға кәмелетке толмағаны анықталды. Аталған дерек бойынша ұйымдасқан топ құру және оған басшылық ету, оған қатысу, адам саудасы, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту, жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру және жеңгетайлық баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Барлық күдікті тұлғалар ұсталып, қамауға алынған».
Ұйымдастырушылар өздерінің жаза алмайтынына сенімді болғаны сонша, қыздардың ата-аналарына барып, туыстарын қыздарының күтуші болып жұмыс істейтінін айтып сендірген. Тән саудасы арқылы қылмыскерлер 150 млн. теңгеге жуық табыс тапқан. «Сана Сезім» орталығы мамандарының сөзінше, көп жағдайда жыныстық құлдыққа түскен бойжеткендерді суретке немесе видеоға түсіріп, бопсалайды. Сондай-ақ оларды есірткіге тәуелді ететін жағдай да кездесетін көрінеді. Сондықтан қыздарға мұндай ортадан шығу қиынға түседі.
Раушан Құдайшүкірова, «Сана Сезім» ӘБҚО адам саудасына қарсы іс-қимыл жобасының үйлестірушісі: «Әдетте адамдарды мұндай қылмыс үшін аз мерзім берілмейтінін айтып, тіпті өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін деп қорқытады. Алайда, бұл жерде адамның мұндай іс-әрекетпен өз еркімен айналыспайтынын және оны бұған мәжбүрлейтінін ескере отырып, құзырлы орындарға ақпарат бергені дұрыс. Себебі, мұндай жағдайда ол зардап шегуші және ешқандайда заң бұзушы емес».
Мұндай жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін. Мамандар кез-келген адамға сене бермеу керек дейді. Ал кез келген келісім құжаттарын заңгерге тексертіп алуға және жақындарыңыздың, қоғамдық ұйымдардың немесе полицияның көмегіне жүгінуден қорықпау қажет екенін айтады.