15 жасар қыздың өліміне қатысты күдікті азамат қамауға алынды

133

Шымкентте кісі өліміне күдікті ретінде шетелдік азамат қамауға алынды. Естеріңізде болса, қаламыздағы сауда орталықтарының бірінде осыдан 2 ай бұрын 15 жасар қыз көз жұмған еді. Тоқ соғып қаза тапқан қыздың ісі жайында жаңа мәліметтер пайда болды.

Жүрегі жаралы ана, 15 жасар қызы Ақару Құралбайдың бұл дүниеде жоқтығына әлі көндіге алмай келеді. Естеріңізде болса, шілденің 3-і күні Шымкенттегі ойын-сауық орталықтарының біріндегі фаст-фуд кафесінде оқушы қызды тоқ соғып, көз жұмған еді. Қайтыс болған жасөспірімнің анасы тергеу жұмысына көңілі толмайтынын айтып, қызын қасақана өлтіргенін алға тартып отыр.

Бибіғайша Құттыбаева, марқұмның анасы: «2 аптадай қызымның неден қайтыс болғанын жұмысындағылар келіп айтатын шығар деп күттім. Бірақ келмеді. Міне үш ай болды әлі сотқа іс өтпеді. Кеше айтты пәкістандық адам қамауға алыныпты деп. Бірақ мен тергеудің әділ өткеніне сенбеймін. Себебі неден қайтыс болғанын көрейік деп камераны аштырамыз дегенде, көрсетпей қойды. Содан күдіктенемін. Қызым қайтыс болатын күннен бір күн бұрын хабарласып, «Соңғы бес күннің ақшасын бермей жатыр. Ертең соңғы күн шығамын» деп айтып еді. Жұмыста біреу әдейі өлтірді деп ойлаймын. Өйткені қызым құлап жатқанда бір аяқкиімі бар, бір аяқкиімі жоқ болды. Оны сол күйі таппадық».

Қара жамылған ана қызына байланысты деректерді алуға барғанда камераны бермегенінен күдіктенген. Одан бөлек қылмыстық істі тергеу процессі кешеуілдей берген. Ал оның себебін Полиция шетелдік азаматпен арнайы тілші арқылы сөйлескенін, сәйкесінше процестің ұзаққа созылып кеткенін айтады.

Өмірбек Бекбердиев, Шымкент ҚПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары:
«ҚР ҚК 156 бабы 3 бөлігімен қалмыстық іс қозғап, қажетті сараптамалар тағайындап, тергеу амалдарын жүргізіп, аталмыш қалмыстық іс бойынша шетел азаматы кінәлі екені табылып, қазіргі таңда қамауға алынды»

Қазір айыпталушы пәкістандық азамат ҚР ҚК 156 бабы «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бойынша уақытша тергеу изоляторына қамалған. Ал сараптама нәтижесі дайын бола салысымен іс сотқа жіберілмек.