Түркістан облысында 15 жасар қызды алып қашқан

94

Осыдан бірер күн алдын, 15 жасар қызды алып қашып, анасы қалың малға 600 000 теңге алды деген ақпарат әлеуметтік желіде таралып кеткен еді. Жасөспірім қыздың күйеуге шыққанын әкесі әлеуметтік желіден естіп, құқық қорғау органына арыз тастаған. 1 емес бірнеше бап бойынша түскен шағым бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, қазір тек ҚР ҚК 122 бабы бойынша сараптама тағайындалған.

«15 жасар қызымды қалың малға айырбастады». Осылай деген Бауыржан Масимов әлі кәмелеттік жасқа толмаған қызының тағдырына алаңдаулы. Оның айтуынша анасы тіпті қызының күйеуге шыққанын да айтпаған. Бұл жаңалықты әкесі әлеуметтік желі арқылы көріпті. Сөзінше, анасы қызы үшін қалың малға 600 мың теңге алды дегенді естіп, бірден құзырлы органға арызданған.

Бауыржан Мәсімов, әкесі: «Басында жәй сөзбен сұрап біліп алдым. Егер айқайласам айтпас еді. 600 мыңға келісіп бергенін айтты. Менде жазбасы бар. Сонсоң 15 жасар қыз, әлі 16-ға да толмаған бұл дұрыс емес дедім. Содан соң бірден отказ жасады пранк ойнадым деп. Мен пранк ойнайтын қанша жастасың дедім. Басында Полиция пранк деп істі тіркемейміз деген. Кейін тіркеп, маған хабарлама жіберді”.

Қыздың әкесі әлеуметтік желіден көре сала бұрынғы әйеліне хабарласқанда анасы, қыздың Жетісай қаласына күйеуге шыққанын, құдалары барын айтқан. Алайда әкесі жергілікті құқық қорғау органына жүгінген бойда ол ақпаратты теріске шығарыпты. Ал қыздың қазіргі жағдайын сұрап хабарласқан кезде, анасы жауап беруден түбегейлі бас тартыпты.

15 жасар қыздың анасы: «Есі дұрыс әке солай жасайтын ба еді? Қызының келешегін ойласа. Дәлелдемесі бар болса, бере берсін. Сол кісіден сұраңыздар. Мені мазаламаңыздар болды».

Сотқа дейінгі тергеу барысында қыздың өз танысына тұрмысқа шыққаны анықталды. Алайда анасы қызын жігіттің үйінен өзі алып кетіпті. Тексеру барысында қызды алып қашу, күш көрсету фактісі расталмаған. Қазір ҚР 122 бабы бойынша тексеру жүріп жатыр.

Гүлнар Әбдужаппарова, ТО ПД баспасөз хатшысы: «Қызды ұрлау мен мәжбүрлеп ұстау фактілері расталмады. Оқиғаның қатысушылары яғни қыз бен жігіт бір-бірін ұзақ уақыттан бері танитыны және бірге өмір сүруді жоспарлағаны анықталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 122-бабы бойынша тергелуде».

Бауыржан Мәсімовтің айтуынша кәмелет жасына толмаған кішкентай қыз әлі өзіне ненің қажет екенін толық түсінбейді. Сондықтан ашулы әке қызын пайдалануға жол бермейтінін айтады. Ал жазған арызы негізінде қозғалған қылмыстық іс лайықты деңгейде тергелмейтін болса, прокуратураға шағымдануды көздеп отыр.