«Үкіметтің жұмысына халықтың көңілі толмайды». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Ол нақты шешім қабылдай алмай отырған үкіметтің жұмысын сынға алды. Әрі әлеуметтік сала мен бюджетке қатысты жоспармен бөлісіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
«Біз әлі де шикізатқа тәуелдіміз». ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында еңбек өнімділігі төмен әрі инновация жеткіліксіз екенін айтты. Бұл олқылықты ретке келтіру үшін үлкен өзгеріс қажет деген мемлекет басшысы үкіметтің жұмысын сынға алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр. Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл – орынды. Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді».
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс. Осы мақсатта қазір «Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр дейді президет. Алайда мемлекет басшысы жалпы бюджет саласына реформа қажет екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Біз «көрпеге қарай көсілу» қажет екенін ұмытпауымыз керек. Бюджет саясатына реформа жасалады. Ақырғы нәтижені дөп басуымыз керек. Бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітіледі. Оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет. Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Бұл – өте өзекті мәселе. Қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсаймыз».
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жолдауда әлеуметтік салаға қатысты да бірқатар өзгерістерді атап өтті. Ол балаларға бір жасқа дейін төленетін көмек 1,5 жасқа ұзартылатын жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта ең төменгі жалақы мөлшері де жоғарылайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы. Мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді».
Сондай-ақ 2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр.