Ерекше балалардың ат спортына қатысуын оңайлата ма?

45

Шымкентте қоғамдық кеңестің алтыншы отырысы өтті. Күн тәртібінде 6 мәселе қаралды. Соның бірі ерекше балалардың ат спортына қатысуын жеңілдету.

Қоғамдық қабылдаудың күн тәртібінде 6 мәселе көтерілді. Оның бірі бұқаралық спортты дамыту және спорт саласындағы проблемалар. Қоғамдық штаб өкілі Нұргүл Қобланова көп балалы және мүмкіндігі шектеулі балалардың ат спортына еркін қатысуына қатысты ұсыныс айтты.

Нұргүл Қобланова, қоғамдық штаб өкілі: «Ат спорты бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға, көпбалалы, жағдайы төмен отбасыларға қаражат бөлінсе деймін. Балалардың сонда барып, тегін спортпен айналысуына ұсыныс тастасақ. Бұл біздің жергілікті бюджеттен алынады. Бұл үшін әкімге ұсыныс тастай аламыз. Отбасыларға тиімді болар еді».

Ал дене шынықтыру және спорт басқарма басшысы бұл мәселе бойынша әкімдікке ұсыныс жіберілгенін айтты. Егер өтініш мақұлданса, келесі айда әлеуметтік осал топтағы балалар тегін секцияларға жазыла алады.

Бауыржан Тұманбаев, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Қазір біз ұсыныс бердік. Ең бірінші мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және көп балалы отбасыларға басымдылық беріледі. Егер 100 адамға ақша бөлінсе, бірінші кезекте тұрған сол мүмкіндігі шектеулі жандар немесе көпбалалы ата-ананың балалары кезекте бірінші өтеді. Олардан артылса, спортшыларға қалады деп ұсыныс тасталған. Енді қазан айында барлық түзетулерімен бізге келейін деп жатыр»

Айта кетейік, биыл бұқаралық спортты дамыту үшін қаланың шеткі аймақтарына арнайы спорт алаңдары салынған. Онда жаз бойы 5 пен 17 жас аралығындағы балалар арасында түрлі спорт шаралары ұйымдастырылып келеді.

Мемлекет басшысы инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше күтімді қажет ететін балаларға барынша қолайлы жағдай қалыптастыру туралы пәрмен берген болатын. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы осы.