Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында ҚР ІІІ спартакиадасы басталады

Шымкентте есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында спартакиада басталды. Үшінші рет өткізіліп отырған жарысқа еліміздің 18 өңірінен 1000-ға жуық спортшы қатысады. Олар сурдолимпиядаға кіретін 11 бағыт бойынша бақ сынайды. 

Ләззат Бақтиярова 8 жылдан бері дзюдомен айналысады. Бойжеткен биыл Бразилияда өткен сурдолимпиада ойындарының қола жүлдегері. Бүгін ол елімізде 3-ші рет өткізіліп отырған спартакиадаға Семей қаласының намысын қорғап келіп отыр. Сурдо дзюдошы жарыс алдындағы қобалжу барын жасырмаймын дейді.

Ләззат Бақтиярова, ХХІV жазғы сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері: «Бүгінгі сайысқа дайындығым өте жақсы. Көңіл-күйім де керемет! Шымкент қаласы бізге қатты ұнады. Жарыс мен үшін сәтті болады деген ойдамын. Жеңістен үмітім бар».

Мемлекеттік әнұран шырқалған соң спартакиада салтантатты түрде ашылды. Жарысқа 18 облыстан құрама командалар қатысады. Байқауда спортшылар күрес, жеңіл атлетика, таеквондо, армрестлинг секілді спорттың 11 түрі бойынша бақ сынайды.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Спартакиада біздің қаламызда өтіп отыр. Біз қала әкімшілігі жағынан сіздерге барлық жағдайды жасауға тырысамыз. 18 өңірден мыңға жуық спортшылар келген екен. Алдағы уақытта барлық қатысушыларға осы жарыста өз шеберліктерін көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінуін шын жүректен тілеймін».

4 жылда бір рет өткізілетін кешенді жарыста 1000-ға жуық спортшы үздік атану үшін күреседі. Ал әр команда сапында 100-ден астам адам бар. Жарыста жалпы саны 150 медаль сарапқа салынады.

Самат Ерғалиев, ҚР Дене шынықтыру және спорт істері комитетінің төрағасы:
«Бұл кешенді іс-шара осымен үшінші рет өткізіліп отыр есту қабілеті төмен спортшылар арасында. Спартакиадаға жалпы 11 спорт түрінен әр өңірден 1000-ға жуық спортшы қатысып отыр. Сурдоспорт түрлері бойынша қазіргі таңда мемлекетімізде және осы спортшылар арасында үлкен тарихи жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Ағымдағы жылы Бразилияда өткен сурдолимпиада ойындарында біздің жалпы құрама команда 28 медальға ие болды. Оның үшеуі алтын болса, 7 күміс, қалғаны қола».

Сонымен қатар, спартакиаданың салтанатты рәсімде ҚР дене шынықтыру және спорт саласына елеулі үлес қосқан жандар арнайы төсбелгі және құрмет грамотасымен марапатталды.

Спартакиаданың қортындысы 10 қыркүйек күні белгілі болады. Ал жарыстың нәтижесі бойынша үздіктер ұлттық құрама сапына іріктеледі. Айта кетейік, есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы алғашқы спартакиада 2014 жылы Алматы қаласында спорттың 5 түрінен өтсе, ал екіншісі 2018 жылы Ақтөбеде спорттың 10 түрінен өткен.