Пайдалануға берілген жаңа мектепте әлі балалар оқытпайды

Түркістан облысы Өндіріс ауылында су жаңа мектеп апатты жағдайда тұр. 200 орындық білім ошағының қабырғалары қирап, құлап жатыр. Ал елдімекен оқушылары басқа мектепке автобуспен қатынап оқуға мәжбүр көрінеді. 

Өндіріс ауылындағы бұл мектептің видеосын ауыл тұрғындары түсірген. Көріп тұрғандарыңыздай ғимараттың қабырғасы қақ айрылып, бірнеше жерден жарылып кеткен. Ауыл халқының сөзінше, Ақпарақ мектебінің барлық бөлмесі осындай күйде екен.

200 орындық білім ұясы өткен жылы желтоқсан айында пайдалануға беріліпті. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде берілген бұл мектептің лентасын аудан әкімінің өзі салтанатты түрде қиып кеткен» дейді тұрғындар. Алайда, содан бері мұнда бір күн де бала оқымаған көрінеді. Себебі, жап-жаңа мектептің ғимараты шәкірт қабылдап, білім беруге жарамсыз әрі мұнда кіру қауіпті.

Маржан Байымбетова, Өндіріс ауылының тұрғыны: «Сонда мынау қабырға мен мына қабырға жерде құлап жатқан еді. Кейін ішіне кіріп көрдім. Мына қабырғаның астында фундамент болған жоқ. Фундамент жоқ мынаның астында. Сәл дұрыс соғылмаған ба, фундаменті сәл арыда, өзі беріде соғылған топырақтың бетіне».

Мектеп ресми түрде берілгеннен бері де қабырғалары бірнеше рет жарылыпты. Ал жауаптылар оны гипсокартонмен жамап, жауып қойған деп күйініп отыр тұрғындар.

Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы нысанды былтыр қабылдап алған көрінеді. Басқарма маманының айтуынша, анықталған кемшіліктер түзетілген.

Ерлан Байкөбеков, Қазығұрт аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы: «Эксперттың бір емес үш рет қорытындысы алынды. Енді сол эксперттің нәтижесіне қарап ары қарай жұмыс жүргізіліп жатыр».

Ал аудандық білім бөлімінің басшысы ауыл балалары екінші тоқсаннан бастап осы мектепте оқитынын айтады.

Асан Үйсінбаев, Қазығұрт ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы: «Бұрын қабылдау актісі өткен кезде апаттық жағдай боп танылған. Одан кейін қазір бізде эксперттің қорытындысы бар «ғимарат пайдалануға жарамды» деген. Соның аясында қазір тиісті құжаттары реттеліп жатыр».

Дегенмен, бөлім басшысы жертөледегі жырықтарды өз көзімен көргеннен кейін, құрылыс сапасына қайта сараптама жасатып, балаларды оқытуды кейінге қалдыруы мүмкін екенін атап өтті. Алайда, елдімекен тұрғындары қашан болса да «балаларымызды мұнда оқытпаймыз» деп отыр. Себебі, ағын судың жолына салынған білім ошағы алғашқы қардан соң-ақ құлап, балаларымызды басып қала ма деп қорқады.