Қайнарбұлақ тұрғын алабының халқы сапалы жарыққа жарымай отыр. Қазір жекенің желісін пайдаланып отырмыз деген түрғындар оның күн сайын өшетінін айтады. Ондағы халықтың басым бөлігі баспанасын электр қуатымен жұмыс істейтін пешпен жылытады екен. Тұрғындар мәселенің бірнеше жылдан бері шешілмей келетінін жеткізді.
Қайнарбұлақ тұрғын алабының тұрғындары аумақта жарық жоқ екенін ұзақ уақыттан бері айтып келеді. Қариялардың сөзінше, мұнда сапалы электр энергиясы мүлдем болмаған. Жергілікті тұрғындар жеке трансформаторларды пайдаланады. Ал бір трансформаторға тек 50 абонентті қосуға болады. Бірақ біреуіне 200 үйге дейін қосылады екен. Тұрғын алап көшелерінде адам бойымен бірдей биіктікте электр сымдары ілулі тұр. Ал бағаналар құлаудың аз-ақ алдында. Адамдар ток күшінің әлсіздігінен тіпті теледидар қоспайтындарын айтып шағымданады.
Сәуле Реимова, Шымкент қаласының тұрғыны: “Біздің барлық техникамыз істен шықты. Балалар теледидарды қосқысы келеді, қосса холодильник бұзылады, сосын оны өшіруге тура келеді. Жарық күнде өшеді, кеше де жоқ, міне бүгін де. Балалар қараңғыда үй тапсырмасын орындайды. Қымбат төлейміз, киловатына 31 теңге. Сондай-ақ электр энергиясының шығынына 1-2 мың теңге, қыста 4-5 мың теңге төлейміз. ЖКХ жарық жүргізіп береміз деп уәде бергелі қашан, бәрі құр сөз жүзінде қалды”.
Әбілхан Райым, Шымкент қаласының тұрғыны: “Жарық жоқ, сабақ орындай алмаймыз. Әкім мырза, бізге жарық қосып беріңіздерші”.
Мұнда 5 мыңға жуық абонент жекенің жарығын пайдаланады. Тұрғындар жергілікті билікке бірнеше рет жүгінген, бірақ олар бұл мәселені әлі күнге дейін шешкен жоқ дейді. Сонымен қатар, осында тұратын халықтың бәрінде дерлік электр қуатымен жұмыс істейтін қазандықтар бар. Тіпті, суды да жарықтың көмегімен алады екен.
Гүлнар Маханова, Шымкент қаласының тұрғыны: “Біз жарыққа қатты тәуелдіміз, тіпті суды электр қуатымен аламыз. Ал қыста пешті жылытамыз, жарық керек. Менің қызым бар қыста мектепке барғанда автобуста жылынады, өйткені үй суық. Мен өзім жақында ота жасадым, маған ауыруға болмайды”.
Қайнарбұлақ тұрғын алабына электр энергиясын өткізуге жобалық-сметалық құжаттама 2019 жылы әзірленген. Жобаның құны 2,6 миллиард теңге. Тіпті, өткен жылы мердігерлер электр қуатын жүргізу жұмысын бастаған да көрінеді. Алайда әкімдіктегілердің сөзінше, аудит компания жұмысынан кемшіліктер тауып, сот процесі басталған. Салдарынан, жұмыс тоқтап қалған. Дегенмен, осы айда екінші тендер өткізіліпті.
Шоқан Айдарбек, Шымкент қаласы энергетика басқармасының басшысы: “Аяқталуы керек жұмыстар бар, оған шамамен 75 күн керек. Содан кейін мердігер анықталып, олар жұмысқа кіріседі. 2023 жылдың тамыз айында тұрғыналап аумағына жарық қосамыз”.
Тұрғындар көтерген мәселе осылайша жергілікті билік тарапынан шешімін таппақ.