Шетелден келетін арзан дәрі-дәрмекті қандай препараттарға ауыстыруға болады?

35

Қазақстандық дәріханаларда Ресей мен Украинадан келетін арзан дәрі-дәрмектер азайған. Тұрғындарға «Корвалол», «Валидол», тіпті диазолинді табу қиынға түсіп жатыр. Қазақстанның тәуелсіз дәріханалар қауымдастығы тапшы дәрілік препараттардың тізімінің үлкен екенін айтады. Сарапшылар елімізде отандық өндірісті жолға қою қажет дейді. Алайда, бұл саланы кез келген кәсіпкер қолға ала бермейді. 

Корвалол, валидол, андипал, диазолин, энтерол және тіпті калий перманганаты. Қазақстандық дәріханаларда жоғалып кеткен немесе таусылудың аз-ақ алдында тұрған препараттар тізімінде танымал 40-қа жуық дәрі бар. Ал шағын қалалар мен аймақтардағы жағдай тіпті күрделірек. Фармацевттер бұл дәрі-дәрмектердің көпшілігі жүрек ауруы немесе қан қысымы тұрақты болмаған жағдайда көмектесетіндіктен, әсіресе жасы егде жандарға қиынға түседі дейді. Дәріхана сөресінен табылмай кеткен преапраттардың аналогтары бар, алайда, олар бірнеше есе қымбат және барлығы бірдей қолжетімді емес.

Раушан Әубәкірова, дәріхана иесі: «Лоперамид азайып жатыр, оны диареясы бар адамдар, көбінесе жұмысшылар, зейнеткерлер алады, 10 капсуласы 100 теңге тұрады. Ал оның аналогы 5-7 мың теңгеден сатылады».

Сарапшылардың сөзінше, дәрі-дәрмекті жеткізуге алдымен көрші елдегі қақтығыс әсер еткен. Салдарынан препараттарды әкелу тоқтатылған. Қазір дәрі-дәрмек көп мөлшерде шетелге, негізінен Ресейге шығарылып жатыр. Себебі, онда санкция салынғаннан кейін көптеген компаниялар нарықтан кетуде. Ал оның салдарынан қазақстандық тұтынушылар зардап шегіп жатыр.

Қазақстанның тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы Талғат Омаров «ең басты мәселе – импортқа тәуелділік» дейді. Сөзінше, Қазақстанда тіпті қарапайым тұзды ерітінді өндірілмейді. Ал бұл салада жұмыс істеу қиын болғандықтан, дәрі-дәрмек шығаратын зауыттар да көп емес дейді ол.

Талғат Омаров, Қазақстан тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы: «Мен франчайзинг сатып алып, өнім шығарамын, содан кейін бұл өнімді жарамдылық мерзімі үш жыл болатын сараптамаға беремін, бірақ үш жыл ішінде мен нарыққа шыға алмаймын. Себебі, препараттың мен айтқан мерзімге қызмет ете алатындығына көз жеткізу қажет. Тек содан кейін ғана маған рұқсат беріледі».

Шетелдік өндірушілерден дәрі-дәрмек сатып алатын көтерме компаниялар да импортқа тәуелді. Сонымен қатар, олар дәрі-дәрмекті сатып алатын елдің денсаулық сақтау министрлігінен рұқсат алуы керек. Ал олар рұқсаттама бермеуі де мүмкін. Сондықтан отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту маңызды дейді мамандар.