Шымкент қаласы мәслихатының кезекті жиырма бірінші сессиясы өтті. Онда күн тәртібінде қалада күрмеуі шешілмеген 22 мәселе қаралып, ортаға салынды. Жиын барысында «2022-2024 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізді.
Бас қосуда Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Баһадыр Нарымбетов төрағалық етті. Жиында көтерілген проблеманың бірі денсаулық саласы. Себебі қалада халық тығыз орналасқан жерлерде емханаға тапшылығы байқалады. Ал шеткі елдімекендер әлі күнге ауруханамен қамтамасыз етілмеген. Сондықтан ең негізгі мәселенің бірі ретінде алынды.
Ал қазіргі таңда қала бойынша 13 мемлекеттік емхана бар. Онда 600 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ инвесторлар есебінен салынған 31 жекеменшік емханада 507 мың адам тіркелуге тұрған. Қала халқының өсуіне байланысты 2025 жылға дейін тағы 6 емхана салу жоспарланып отыр. Оған қоса республикалық бюджет есебінен 200 төсек-орынды жаңа перзентхана салу да көзделген.
Өйткені осыдан 2 жыл бұрын 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамыту жоспарын ұсынылған еді. Бұл бес жылдық даму жоспары 4 негізгі бағыт бойынша жүзеге асады. Атап айтар болсақ, медициналық көмек көрсетуді жетілдіру, кадрлық ресурстарды дамыту, қоғамдық денсаулық сақтау қызметін жетілдіру және денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту. Қазір осы жоспар негізінде бірқатар іс жүзеге асып келеді.
“Инвестициялық жобаларды айтатын болсақ. Алда 6 ірі жоба бар. Оның ішінде мемлекеттік, жекешелік әріптестік және бюждеттік жобалар бар. Алда бюджет қаражатына емханаларды техникалармен жабдықтау, жедел жәрдем саласын дамыту, ауруханалар салуға бағытталады. 2025 жылға дейінгі инвестициялық жоспарды айтатын болсақ, есептеуіміз бойынша 6 емхана салу керек деп таптық. Оның бесеуі автономды болады. Оған 6,3 млрд. теңге инвестордан инвестиция құйылады деп жоспарлап отырмыз. Одан бөлек 800 орынтық университеттік емхана ашылады” — дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.
Ал Қаратау ауданы аумағы жағынан ең үлкен және шеткі аймақтары кейін құрылғандықтан медициналық ұйымдармен қамту жоспары 2035 жылға дейін созылған.
Сондай-ақ Шымкент қаласында “Дені сау ұлт” жобасы бойынша нәрестелер өлімін азайту үшін нақты шараларға көшкен. Соның арқасында биыл 6 айдың ішінде жоспар бойынша атқарылған жұмыс көшсеткіші 8,6 болу керек еді. Қазіргі көрсеткіш 8,5-ке жеткен.
Биыл 661 науқасқа жоғары технологиялы медициналық қызметтер көрсетілді. №1 және 2 аураханалар мен Қан орталығы жоғары заманауи технологиялармен қамтылған. Сондықтан науқастарға шетке шықпай-ақ өзімізде ем-дом көрсетуге мүмкіндік туды.
2022 жылы жалпы өлім көрсеткіші былтырға қарағанда біршама жақсарған. Мысалы:
— жалпы өлім-жітім 10 пайызға төмендеп, 3,1-ден 2,5-ке түсті.
— қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 12 пайызға төмендеген. 2021 жылдың 6 айында көрсеткіш 74,6 болса, биыл ол 65,7-ні құрады.
-қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 3 пайызға төмендеді. Көрсеткіш 2021 жылы 31,8 болса, осы жылы 30,9-ға түсті.
— Коронавирустық инфекциядан өлім-жітім 68 пайызға төмендеді. Көрсеткіш 215-ден 67-ге түскен.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаладағы түрлі мәселелерді шешу бағытындағы атқарылған жұмыстардың бір парасы осы болмақ.
Жиынға қатысушылар басқарма басшысына балалар педиатры жоқтың қасы екені, жеке емханаларға тексеріс жүргізу барысы сынды сын-пікірлерін жеткізді.
Айта кетейік, бұл жолы сессияға қатысқан 29 депутаттың 3-уі онлайн қатысу мүмкіндігіне ие болды. Алдағы сессияларда 5 депутатқа дейін қашықтан қатысуға рұқсат берілмек.