Шымкентте Біріккен Араб Әмірліктерінің бас консулдығы ашылады

127

Шымкентте Біріккен Араб Әмірліктерінің бас консулдығы ашылады. Бүгінде Әмірлік дипломаттары тағайындалып қойған. Ал тікелей әуе қатынасын орнату мақсатында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жалпы қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру, туристік әлеуетін таныстыру мақсатында жыл соңына дейін қосымша 7 қаламен байланыс орнату жоспарланып отыр.

Үшінші мегаполисте Араб Әмірліктерінің бас консулдығы ашылмақ. Қазіргі таңда дипломаттар тағайындалып, консулдық ғимараты белгіленіп қойған. Жақын арада Біріккен Араб әмірліктерінен арнайы делегация келеді.

Ерлан Қыдыров, Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы: «Бұл жалпы оңтүстік өңір тарихындағы ең алғашқы бас консулдық. Қазіргі таңда олардың дипломаттары барлығы тағайындалды. Республикалық, жергілікті деңгейлерде тіркеу жұмыстарының барлығы бітіп, жақын арада салтанатты түрде ашу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін тағы да 7 қаламен байланыс орнату көзделіп отыр. Мұның барлығы қалаға келуші туристердің санын арттырып, қала экономикасын түсім түсіріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуы мақсатында жасалып отырған жұмыстар».

Сондай-ақ Араб әмірліктерімен тікелей әуе қатынасын орнату мақсатында да келіссөздер жүргізіліп жатыр. Басқарма басшысы, біріккен араб әмірліктерінен Шымкентке келетін туристер санының көңіл көншітпейтінін айтады. Мәселен, өткен жылы 500-ден астам адам келсе, биыл тек 24 турист Шымқаланы тамашалауға келген көрінеді. Ал бас консулдықтың ашылуы – қалаға туристердің тартылуына тікелей ықпал етеді дейді ол.

Ерлан Қыдыров, Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы: «Қазіргі таңда бізге БАӘ-нен 24 қана адам келген. Өткен жылы 500-ге жуық адам келген болса, биыл 9 айда 44 адам келген. Бұлар да Қазақстанмен, соның ішінде Шымкентпен қарым-қатынасты жақсарту олар 10 дипломаттың әр түрлі бағыттағы жұмысын жасап жатыр. Біз Араб Әмірліктерінің үкіметінен хабар күтіп отырмыз, арнайы делегация келеді».

Жалпы үшінші мегаполиске жыл басынан бері 300 мыңға жуық турист келген. Ал шетелден келген азаматтар саны өткен жылы 14500 болса, биыл 9 айдың ішінде қалаға 20000-нан астам шетелдік азамат ат басын бұрған. Нәтижесінде қала қазынасына 19 млрд. түсім түскен екен.

Ерлан Қыдыров, Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы: «Туризм саласында 30 мыңға жуық Шымкент қаласының тұрғындары жұмыс жасайды. Бізде 100-ге жуық туристік нысан және 90-ға жуық туристік ұйым бар. 80-і туристерді сыртқа шығаруға жұмыс жасайды, оның 10-ы ғана Шымкент қаласына шақыруға жұмыс істейді. Ол өткен жылы 6 болса, осы жылы көбейіп отыр. Келіп жатқан туристердің санының артуына байланысты туристік ұйымдар көбейіп жатыр».

Бүгінде Шымкент 10 қала – 8 мемлекетпен бауырлық қатынас орнатқан. Ал биыл жыл қосымша 7 қаламен ынтымақтастық байланыс құру жоспарланып отыр. Оның ішінде: Қытайдың 2 қаласы, Италияның Генуя, Әзірбайжанның Гянджа және Татарстанның Қазан қалалары бар.