Шымкенттен Қостанайға гуманитарлық көмек жіберілді

111

Елімізде орын алған қайғылы оқиғаларға қарамастан, ел бірлігіне сызат түскен жоқ. Керісінше, Қазақстан халқы жұмыла отырып, бір-біріне көмек көрсетуге тырысып келеді. Қостанай облысында орын алған қайғылы жағдайда да үшінші мегаполис халқы шет қалған жоқ. Тұрғындар, депутаттар мен қоғам қайраткерлері солтүстікте қиын жағдайға душар болған жандарға гуманитарлық көмек жіберді.

Қостанайға жіберілетін алғашқы гуманитарлық жүк көлігі жөнелтуге дайындық үстінде. Автокөлікке алдымен күнбағыс майы, содан кейін өзге де азық-түлік толтырылады. Шымкенттің халық қалаулыларының атынан Қостанайға 10 тонна өнім жіберіледі.

«Аманат» партиясының ғимаратына әр сағат сайын жүк көліктері келіп, қостанайлықтарға ең қажетті заттарды әкеліп жатыр. Партия мүшелері арнайы тізім де құрастырған. Онда азық-түлік, жеке гигиеналық құралдар мен төсек-орындары бар.

Жанар Бектаева, «Amanat» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Қазіргі таңда бізде құрылыс материалдары, азық түліктер, гигиеналық заттар. Бұлардың барлығы қолғап, шегелер, күректер, қажетті балта, резеңке етіктердің барлығы. Үлкен өрттен зардап шекті ғой, соны тазалау жұмыстарына құрылыс материалдары керек деп жазылған еді. Содан кейін біз көмектесетін азаматтардың барлығына сондай сұраныстар жаздық. Шымкент қаласының тұрғындары, кәсіпкерлер, барлығы көмек қолын созуда».

Бұл – қайғылы оқиғаға жедел әрекет еткен халықтың көмегі. Депутаттар Қостанайға жөнелтілетін көмектің мұнымен бітпейтінін айтады. Отандастарымызға жағдай оңалғанша көмек беруге дайынбыз дейді олар.

Төрайым Сұлтанова, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты: «Бұл енді күтпеген жағдай. Сондықтан, бүкіл Қазақстан ауызбіршілікте ұйымдасып жіберіп отырған көмегіміз, мен ойлаймын, біздің ой-өрісіміздің дамығандығы деп. «Көп түкірсе көл болады» дейді, сондықтан бәріміз бірігіп көмек жасайтын болсақ, қостанайлықтардың әлі де болса барлық қиыншылықтан аман-есен өтіп, қазақ елінің туын бикке желбірете беретініне мен сенімдімін!».

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы: «Қостанай облысындағы болып жатқан өрт – ұлттық трагедия деп айтуға болады. Себебі кейбір ауылдар толығымен жанып, халық тұрғын үйсіз, мүліксіз қалып отыр, далада қалып отыр. Дегенмен, біз мемлекет ретінде  Қазақстан әрбір азаматқа әрине үйін салып береді, дегенмен, біз қазақстандықтар бір қоғам, бір ел екенімізді тынытып, осы жерде қолымыздан келгенше қол ұшын беріп, көмек беру керекпіз».

Гуманитарлық көмек тиелген үш жүк көлігі бүгін жолға шығады. Шымкенттен аттанған көліктер Қостанайға екі күннен кейін жетеді. Егер отандастарымызға сіз де көмек көрсеткіңіз келсе, Бейбітшілік көшесі 3 мекен-жайында орналасқан қабылдау пунктіне хабарласыңыз. «Аманат» партиясының ғимараты 20.00-ге дейін қабылдайды.