Бәйдібек ауданына қарасты Жыланды ауылының халқы интернетсіз отыр. Қыркүйектің басында қатты желден байланыс мұнарасы құлап, содан бері көрген күніміз осы дейді бұқара. Тіпті, байланыстың жоқтығынан мұғалімдер көрші ауылға барып сабаққа дайындалса, балалар ғаламтормен байланыс іздеп күнұзаққа көше кезіп жүреді екен.
Мықтыбек Жұманов, Жыланды ауылының тұрғыны: «Бір ай болды ешқандай интернет, байланыс деген бәле жоқ-жоқ, аумин болды. Мына жақта Қызыл арық, Амансай, Талап, Түйетас, Жыланды бес бөлімшеде ешқандай интернет жоқ. Ол жедел жәрдем шақыру, өрт сөндіру шақыру мүмкін емес жағдай. Білесіздер ғой, қазіргі заманда оқу барлық мәселесі мұғалімдер қауымында интернет арқылы да. Түнімен қыр- қырда немесе көрші ауылдарға кетеді мұғалімдердің бәрі».
150 — ге тарта отбасы өмір сүретін Жыланды ауылының тұрғындары электр энергиясы мен ауыз судың да азабын тартып келеді. Тозығы жеткен желілер жиі үзіліп, апталап жарықсыз отырамыз дейді ауыл азаматтары. Салдарынан қуатпен қосылатын ауыз су да өшіп қалатын көрінеді. Тіпті, электр энергиясының жиі өшіп-қосылуы салдарынан көбінің тұрмыстық техникасы күйіп кетіпті.
Мақұлбек Айдарбеков, Жыланды ауылының тұрғыны: «Трасформатор күйіп кетіп бір апта жарық болмайды. Жарық болмаса су да болмайды. Ол айқайлап үйтіп бүйтіп оны жинап неғыламыз дегенше не, биыл ала жаздай жарық, судың проблемасын көрдік. Су жоқ. Біз бала кезде есекпен таситын едік, қазір есекпен тасып жатыр мынау осы заманда, өсіп өркениетті заманда.
— Сұрап бардыңыздар ма?
-Барып жатырмыз ғой, әкімшілікке барып жатырмыз. Уәде. Осыдан бір ай бұрын балалар үйме үй жинап 800 мыңға екі мотор алды. Сөйтіп үш күннен кейін екі матор да күйіп кетті».
Өмірзақ Сағынбай, Жыланды ауылының тұрғыны: «Столба құлайтын болған соң сыммен байлағанбыз. Өткенде құлап, Сайрам ауданы Қарабұлақ елдімекенінен кран әкеп, төбесіне мінгізіп соны байлатқанбыз. Бұған ауылдағы электриктер мінбейді. Мінуге тіпті қорқады. Астының бәрі шіріп кеткен. Мынаны өзіміз қолдан құйғанбыз, мына қазық қағып, байлап қойғанбыз».
Мұндағы қара халық көгілдір отынды тіпті армандамайды да. Болмаса көрші ауылдың барлығы табиғи газға әлдеқашан қосылып қойған. Жұрт үлкен жолдың бойына қоныстанғанмен бәрінен құр қалып келеміз деп ашынады. Ал атқамінерлер тозығы жеткен электр бағаналары ауданның меншігінде емес деп басын ала қашты. Дегенмен, ақырында сөзін қол қусырып отырған жоқпыз деп түйіндеді.
Нұржан Сыздықбаев, Боралдай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:
«Бұл мәселе алдында да қозғалған. Біз осы нақты 2021 жылы жаңағы мәселе күрделенгеннен кейін электр бағанасы мүмкін емес шіріген ..оған шығып жөндеу мүмкіндігі болмағандықтан оған біз кәдімгідей арнайы мамандарды шақыртып көрсетіп, ол басшысына тікелей шыққанбыз. Ол жөнінде хабардар.
–Не деп жауап берді?
–Өздерінің бағдарламасына сәйкес ауысатынын хабарлаған бізге.
–Нақты қашан дейді?
–Енді біздің Бәйдібек ауданына ол осы 2025- ке дейін қойылған рет ретімен ауысып келе жатыр. Боп қалады деп үміт күтіп отырмыз».
Ал интернет байланысына жауапты маман бұл уақытша қиындық екенін жеткізді. Айтуынша, құлаған үлкен мұнара іске жарамай қалған. Енді қажетті саймандар шетелден алынып жатыр екен.
Сейсенғали Арыстанбаев, Бәйдібек ауданы әкімі аппараты ақпараттық қауіпсіздік бөлім басшысы: «Егер жарайтын мүмкіндіктері болатын болса біз мұнараны қалпына келтіріп, сол антеннаны қосып береміз деген ойы болған — тұғын. Бірақ оның мүлдем жарамсыз күйде екенін көздерін жеткізіп, содан кейін барып олар сол жерде өтінім берді осындай осындай құрылғылар керек деп. Содан кейін оларда өздері де де акционерлік қоғам ішінде мемлекеттік сатып алу процесстері бар, заявка беріледі, қаржы қарастырады. Сондай мәселелері бар. Одан кейін құрылғылардың бірәз бөлігін шетелден алатын жағдайлары бар. Сондықтан кешеуілдегені рас».
Шенділер Бәйдібек ауданындағы төрт ауылға байланыс 1-қазанға дейін қосылады деп сендірді. Егер кешігіп жатса шара көру жағын қарастырамыз деп уәде берді. Айта кетейік, байланыссыз қалған ауылда ұзын саны 2,5 мыңдай тұрғын бар.