А. Пушкин кітапханасының жанынан Америка бұрышы қайта ашылды

Шымкенттегі А. Пушкин атындағы кітапханада Америка бұрышының қайта ашылуы өтті.

Онда 14 және 35 жас аралығындағы қала тұрғындары ағылшын тілін үйренуге, шетелдегі білім бағдарламаларына қатысты кеңес алуға және бірге сабақ оқып, еріктілер клубын құруға мүмкіндік алады. Қайта жаңғыртудан өткен орталық келушілерге ағылшын тіліндегі газет-журнал, кітап, кино және ойындар ұсынады. Ең бастысы, Америка бұрышы келушілерге тегін қызмет көрсетеді.

Шымкентке АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Кэролайн Сэвидж іссапарымен келді. Басты мақсат – үшінші мегаополистегі Америка бұрышының қайта ашылу салтанатына қатысу. 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталық осыдан бірер жыл алдын техникалық себептерге байланысты жабылған еді. Оқырманға пайдасы мол орталық тұрғындардың сұранысымен бүгінде қайта ашылып отыр.

Орталыққа келушілер Американың ішкі мәдениетімен танысып, екі елдің дәстүрлерін ағылшын тілінде меңгере алады. 14-35 жас аралығындағы жастар мұнда ағылшын тілін дамытып, жоғары сапалы оқу материалдарымен қамтылады. Сонымен қатар, тұрғындар үшін орталықта ағылшын тілінде сөйлесу клубтары жұмыс істейді.

Кэролайн Сэвидж, АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы: «Шырайлы Шымкент мені қашан да жылы қарсы алады. Сол үшін көп-көп рақмет! Америка бұрышында келушілер ағылшын тілін оқу мүмкіндігіне ие болады. Білім алу немесе саяхаттау мақсатында АҚШ-қа бару туралы ақпарат та ала алады. СТЕМ технологиялары бойынша жаңа бағдарламалар қолға алынады. Арнайы зертханалар ашылады. Сондай-ақ, қала тұрғындарының сұранысына қарай ары қарай жобалар қосылып, іске асырылып отырады. Сонымен қатар, Мұнда Эдукэйшн USA АҚШ-та білім алуға арналған консультациялық орталық ашылғалы отыр».

Ең бастысы – орталық келушілерге тегін қызмет көрсетеді. Және тұрғындарға ағылшын тіліндегі 3000-ға жуық кітап, кино, газет-журнал мен ойындар ұсынады. Қайта жаңғыртудан өткен орталықтың жөндеу жұмысына 400 млн теңге қаржы жұмсалған екен.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «А. Пушкин кітапханасы Түркістан облысына қарайтын биылға дейін. Бірақ Түркістан облысында кітапхананың ашылуына байланысты, олар осы кітапхананы күтіп-ұстауға бөліп отырған қаржысын сол Түркістан қаласындағы кітапханаға ауыстырды. Сол себепті мына жер бос қалып кетті. Халықтың сұрауымен осы жерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңару жұмысы жүргізілді. Сонымен бірге Америка елшілігінің ұсынысымен Америка бұрышы ашылып жатыр. Негізі бұл бұрыш бұрын да болған аядай ғана кабинетте болған. Осы орын – «бұрыш» дегенге әдемі келіп қалды».

Қазақстанның 10, ал әлемнің 600-ге жуық қаласында Америка бұрышы бар. Мұндай бұрыш елімізде ең алғашқылардың бірі болып 2005 жылы Шымкентте ашылған. Бұл орталық бұрынға қарағанда бірнеше есе үлкен және ресурстары да бай дейді мамандар.

Алина Анарбекқызы, Америка бұрышының үйлестірушісі: «Мұнда балаларға, жалпы қала тұрғындарына ағылшын тілінен АҚШ-тың салт-дәстүрін, мәдениетін, Америкадағы оқулары туралы біле алады. Келушілерге, кітап, ойын, газет-журнал барлығы бар. Мұнда жастар кітап, фильмдерді ағылшын тілінде талқылайтын клубқа мүше бола алады».

Шымкентке үшінші рет келген АҚШ-тың бас консулы орталықтың ашылуымен қатар, Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, олардың жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, қала әкімінің бірінші орынбасарымен кездесу өткізіп, ынтымақтастық жобаларды талқылады.

Ағылшын тілін үйренуге деген ықыласы ерекше тұрғындар қала әкімдігіне өтініш жасаған болатын. Енді міне мұнда әлемдік тілді тегін үйренуге мүмкіндік туып отыр.