Абай ауданы Республика күнін салтанатты түрде атап өтті

49

Араға жылдар салып қайта оралған ұлттық мереке – Республика күні Қазақстанның барлық аймақтарында атап өтілуде. Маңызды мейрам Шымкент қаласындағы Абай ауданында да өз жалғасын тапты. Жергілікті әкімдік пен Қалалық опера және балет театрының бірге ұйымдастырған салтанатты жиынында өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, жас спортшылар мерекенің көркін қыздырды. Сондай-ақ қоғам белсенділері елеулі еңбегі үшін түрлі алғыс хатпен марапатталды.

Мемлекет басшысының ұлық мерекені қайта тойлау туралы берген пәрменіне орай биыл жоғары дәрежеде тойлануда. Абай ауданында Республика күні салтанатты түрде аталып өтті. Шарада өңірдің дамуына үлес қосқан зиялы қауым өкілдері алғыс хатпен және ел Президентінің арнайы медалімен марапатталды. Соның бірі «Рабат» газетінің бас редакторы Фарида Шарафутдинова. Оған мемлекет басшысының «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді. Ол бұл марапат күтпеген тосын сый болғанын айтады.


Фарида Шарафутдинова, «Рабат» газетінің бас редакторы: “Барлық отандастарды, барша қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтаймын. Бұл мерекені қайта тойлап жатқанымызға өте қуаныштымын. Бүгін мұнда керемет атмосфера сезіліп тұр. Себебі патриоттық әндер тыңдап, жиналған халықтың көтеріңкі көңіл күйі ерекше. Тұтастай алғанда, мен үшін эмоцияға толы, өте маңызды марапат болды. Мен мұндай марапат аламын деп ойламадым. Қаншама жылдық еңбегім еленгеніне дән ризамын. Еліміз гүлденіп, Отанымыз өркендей берсін”.

Ал Абай ауданы әкімінің атынан аймаққа сіңірген еңбегі үшін бірнеше сала мамандары құрметке бөленді. Атап айтқанда мәдениет майталмандары, қоғам қайраткерлері, әскери және коммуналдық жүйе қызметкерлерінің еңбегі ескерілді. Шымкентегі №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Абылай Дөңбай 7 жыл бойы қаламыздағы медицинаның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хатпен марапатталды. Оның айтуынша бұл әкімдік тарапынан алған алғашқы марапаты екен.

Абылай Дөңбай, №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері: “Барша Шымкенттіктерді Республика күнімен құттықтаймын. Бұл Алғыс хат мен Шымкентке келгелі алған алғашқы марапатым. Мұндай марапаттар кез келген дәрігерді ынталандырады. Осылай біздің еңбегімізді ескеріп жатқанына өте қуаныштымын”.

Мерекелік шарада Шымкент қалалық опера және балет театрының өнерпаздары ән шырқап, кештің көркін кіргізді. Ал өңірдің атын шығарып жүрген жас спортшылар өз өнерін ортаға салды.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: “Ынтымақты ұран, татулықту ту еткен еліміз толағай табыстарға жетті. Мемлекетіміз тұрақты дамуы біздің бірлігіміздің арқасы. Бабалар аманаты татулығымызды сақтау біздің басты мұратымыз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын. Мерекелеріңіз құтты болсын”.

Бүгін Абай ауданынан бөлек қаламызда барлық мемлекеттік мекемелер мен аудандар мерекені ерекше деңгейде атап өтіп жатыр. Ал мұндағы мерекелік кештің тағы бір ерекшелігі ауданға қарасты жас өнерпаздардың қолөнер туындыларынан көрме ұйымдастырылды.